Жаңалықтар

Мемлекет қаржысы нәтижелі жұмсалуы керек

Биыл елімізде Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетiнің құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай біз мемлекет қаржысының белгіленген мақсатқа сәйкес нәтижелі жұмсалуын бақылайтын облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымовпен биыл атқарылған жұмыстар туралы әңгімелескен едік…

— Ең алдымен, департаменттің қызметі, атқарылған жұмыстары туралы айтып берсеңіз?                                                                                                                                           — Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының 14-бабына сәйкес  уәкілетті орган ретінде республикалық және жергілікті бюджет қаражаттарының, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздардың жұмсалуын қадағалайды, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерге қаржылық есеп пен аудит жүргізеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік мүлік, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік, аудиторлық қызмет туралы заңнамаларының сақталуын жүзеге асырады.

Бүгінде біз еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар аясында қаржылық бақылау және мемлекеттік аудит нысандарына тексеру жүргізу арқылы сыбайластық құқықбұзушылыққа жол бермеу тұрғысынан іс-шаралар кешенін белгілеп, сол бойынша еңбектеніп жатырмыз. Департаментте сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және оны болдырмау, сондай-ақ қызметкерлер арасында теріс қылықтарға жол бермеу үшін нақты іс-шаралар қабылданған. Бұл реттегі біздің негізгі міндетіміз — қызметтегі неғұрлым сыбайластыққа «жақын» салаларды анықтау және бақылау, сол арқылы құқықбұзушылыққа жол бермеу.

Биыл департамент тарапынан жыл ортасында белгіленген тізім бойынша облыста 4 мекемеге қаржылық есептілік аудит шараларын жүргізу бекітілді. Аталған мекемелердің қатарында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары, сондай-ақ Хромтау аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі Алға аудандық қаржы бөлімі бар. Бұл мекемелерге қаржылық есептілік аудит жүргізу жұмыстары келер жылдың 31 наурызына дейін созылды. Біз бұл мекемелерде қаржылық есептіліктің дұрыс жүргізілуін қадағалаймыз, мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалғанын тексереміз. Осы жерде көп адамның көкейінде «Неге бұл мекемелерге ғана бақылау жүргізіледі?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Сондықтан айта кеткен жөн, жыл сайын департамент облыстағы барлық мекеме мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін қамти алмайды, өйткені штат саны шектеулі. Бүгінде департаментте 32 қызметкер болса, аталған бақылау жұмыстарын жүргізетін қаржылық есептілік аудиті бөлімінде небәрі бес адам ғана жұмыс істейді. Сондықтан біз әр жыл сайын тізім бойынша қаржылық есептілік аудит жүргізілетін мекемелерді бекітеміз. Негізінен, бақылау, тексеру жұмыстары тәуекелді басқару жүйесі арқылы жүзеге асады. Яғни облыс бойынша  жоғары тәуекел деңгейіне шыққан мекемелер осындай іс-шараларға таңдалып алынады. Бұған дейін біз білім, денсаулық, мәдениет басқармаларын тексерсек, биыл жоғарыда аталған екі басқарманы алып отырмыз. Ал келер жылы қаржылық есептілік жүргізілмеген басқа басқармалар мен мекемелерді таңдайтын боламыз. Жалпы, көп жағдайда қызметкерлеріміз тұрғындардан, жауапты тұлғалардан түскен арыз-шағымдар бойынша кейбір мекемелерге тексеру жұмыстарын жүргізуді қолға алуда. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың, мемлекеттің қаржысын тиімсіз жұмсау, жымқыру, өз қызметін асыра пайдалану сияқты жағымсыз жағдайлардың алдын алуға оң әсерін тигізеді.

Биыл департамент мамандары облыс бойынша жалпы саны 236 аудиторлық іс-шара өткізді. Оның ішінде 219-ы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жүргізілсе, 17-сі — республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерге жүргізілген іс-шара. Аталған аудиторлық іс-шаралар нәтижесінде жалпы мөлшері 171 406,2 миллион теңгеге бюджет қаражаты мен мемлекет активтері қамтылса, 94 847,6 миллион теңгеге құқықбұзушылықтар анықталды.

Жалпы биыл Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жүргізген жұмыстары аясында өңірде 680 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға әкімшілік жаза қолдану туралы хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды.

— Сіздің департамент сәйкестік аудит жүргізген мекемелер арасында заң бұзғандар анықталды ма? Осы орайда мысалдар келтіре кетсеңіз?

  • Жоғарыда атап өткендей, соңғы жылдары біз облыстағы көптеген мекемелерге қаржылық аудит жүргіздік. Нәтижесінде олардың бірқатары тиімсіз жұмсалған қаржыларын бюджетке қайтарса, заң бұзған жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Мәселен, жыл басынан бері облыста анықталған бұзушылықтар бойынша бюджетке 758,8 миллион теңге өндірілді. Осылардың ішінен бір мысал келтірсек, биыл Темір ауданындағы «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасына жүргізілген тексерулер кезінде аталған мекеменің есепшісі 9 миллион теңгені жымқырғаны анықталды. Бұл іс бойынша материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды. Нәтижесінде есепші Темір аудандық сотының үкімімен екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ бүгінде департамент Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына және камералдық бақылау жүргізу туралы ережесіне сәйкес облыста өткізіліп жатқан мемлекеттік сатып алулар бойынша камералдық бақылауды жүзеге асырады. Біздің мамандарымыз белгіленген тәртіп бойынша камералдық бақылау нәтижелері аясында анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жолдайды.

Биыл жыл басынан бері камералдық бақылау аясында жалпы сомасы 461 995,3 миллион теңгеге 25 815 лот қамтылды. Оның ішінде жалпы мөлшері 58 406,1 миллион теңге тұратын 1676 лот бойынша бұзушылықтар анықталды. Аталған бұзушылықтар аясында хабарламаларды орындамау негіздемесімен 22 лауазымды тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабының 3- тармағына сәйкес әкімшілік іс қозғалды.

Сонымен қатар қазіргі таңда департаментімізде, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес мемлекеттік қызмет және  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалар мен Әдеп кодексін сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл ретте сыбайлас жемқорлықтың көріністерін болдырмау мақсатында департамент өз қызметкерлерінің қызметіне, жауапкершілігіне ерекше көңіл бөледі.

Осы бағытта заңдық-құқықтық сабақтары тұрақты түрде өткізіледі және әр қызметкерге аудит нысандарына барар алдында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жөнінде нұсқаулар беріледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүргізу аясында биыл департамент қызметкерлерінің қатысуымен облыс көлемінде 117 заңдық-құқықтық сабақ өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.

— Биыл облыста аудит комитетінің 30 жылдығы атап өтілді. Осы орайда департаменттің жеткен жетістіктерін, өткізілген іс-шаралар туралы қысқаша айтып берсеңіз өтсеңіз?

— Биыл 15 қарашада Ішкі мемлекеттік аудит комитетiнің 30 жылдығын, сондай-ақ Ұлттық валюта күні мен қаржыгерлердің кәсіби мерекесін атап өттік. Аталған іс-шаралар аясында мемлекеттік қызметшілер арасында Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің құрылғанына 30 жыл толуына орай спартакиада өткізілді. Бұл жарысқа Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаменті, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті, ішкі мемлекеттік аудит департаменті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті қатысты. Сонымен қатар осы шара аясында департамент қызметкерлері облыс орталығындағы Триатлон паркке ағаш көшеттерін отырғызды.

Жалпы, біздің мамандар жұмыста да, қоғамдық жұмыстарда да өте белсенді. Қай кезде де өз қызметтеріне аса жауапкершілікпен қарайтын мамандарымыз биыл көптеген жетістікке қол жеткізді. Мәселен, биылғы мерекеде бір топ қызметкеріміз Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын, Алғыс хатын алды. Оның ішінде ішкі мемлекеттік аудит комитеті жүйесіндегі үлгілі және жемісті жұмысы үшін департамент қызметкері Ақмарал Назиева «Қаржы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ биыл меритократия қағидаты негізінде департаменттің екі қызметкері, атап айтсақ, Нұрлыбек Әлиев пен Қарылғаш Қойшыбаева бас маман-мемлекеттік аудитор  лауазымынан бөлім басшысы лауазымына тағайындалды. Бұдан бөлек, ішкі мемлекеттік аудит комитеті өткізген конкурс қорытындысы бойынша меритократия қағидаты негізінде департаменттің қаржылық есептілік аудиті бөлімінің басшысы Гүлнар Берниязова Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Бұл жетістіктер — осы салада еңбек етіп жүрген барша жанның ортақ жеңісі. Сондықтан біз алдағы уақытта да еліміздің қаржы саласын дамытуда, мемлекет қаржысының белгіленген мақсатқа сәйкес жұмсалуын қадағалауда үздіксіз жұмыстанатын боламыз. Сөз соңында барша ақтөбеліктерді, әріптестерімді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жылда еліміз қарыштап дамып, облысымыз одан әрі гүлденсін! Әр шаңырақта шаттық, береке-бірлік болсын!

Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button