Билік

Агроөнеркәсіп кешені қай деңгейде?

Сенбі күні өткізілген облыстық мәслихаттың сессиясы дағдарысты деп аталатын кезеңнің көкейкесті проблемаларының бірінің бүгінгі ахуалын қарастырды.

Сессия жұмысына облыс әкімі Елеусін Сағындықов қатысып, сөз сөйледі.

Облыстық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі агроөнеркәсіпті кешенді орнықты дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ауыл шаруашылығы басқармасының есебін күн тәртібіне бірінші етіп қойды. Әлемдік деңгейде айналаны шарпыған дағдарыс лебі ақиқат тұрғысынан қарағанда қай салаға да әсерін тигізбей қоймайтындығы белгілі болып отырған қазіргідей кезеңде тиісті деңгейдегі қорғаныштық шараларды жүзеге асыру қажеттігі өзінен-өзі туындайды. Осы тұрғыдан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ерсайын Әжібаевтың баяндамасына депутаттар ерекше мән бере қарады.

Баяндамашы сөз басында 2008 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешеніне барлық қаржы көздерінен 6,5 млрд. теңге бөлінгенін айта келіп, 2007 жылмен салыстырғанда оның 1,7 есеге артық екенін жұртшылық назарына салды. Бір атап өтерлігі, бұл қаржы жыл ішінде толық игерілген. Аграрлық салаға көрсетілген мемлекеттік қолдау техника мен жабдықтардың лизингісі, ауыл шаруашылығының басымдықтағы бағыттарын субсидиялау түрінде орындалды.

Соңғы жылдары егіншілік саласында техникалық жаңарту жұмыстары мақсатты түрде жүйелі жүргізілуде. Мәселен, былтыр 2,2 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы  техникасы сатып алынды. Биыл облыстың егін алқаптарына сексен бір егістік кешені, сондай-ақ 140 жоғары өнімді жаңа комбайндар шығарылмақшы. Мәртөк ауданындағы «Родники», «Қарасор», Қарғалы ауданындағы «Степное», «Қайрақты», «Жосалы-Агро», Хромтау ауданындағы «Елім-Табантал», «Ақжар-Агро» жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктері жаңа технологияны жүзеге асыру нәтижесінде алқаптың әр гектарынан 10-19 центнер аралығында өнім алды.

Экономиканың тұрақты ұсталуына сын кезеңі болып отырған биылғы жылдың алғашқы тоқсанының да қорытындылары шығарылды. Ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған деректер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, мал өнімдерін өндіру еттен – 3,1, сүттен – 2,3, ал жұмыртқадан 5,8% өскендігін айғақтайды. Мал басының барлық түрінен өсу көрсеткіші 2,4 – 10,3%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім 8,1 млрд. теңге құрайды, бұл  ретте былтырғыға қарағанда аздаған болса да ілгерілеу байқалады. Жаңадан 56 жаңа жұмыс орнының ашылуы да атқарылған шаруалар аясында тілге тиек етілді.

2009 жылы облыста агроөнеркәсіп саласында он жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы. Олардың құны 4699,7 млн. теңгені құрайды. Бұның ішінде ет-сүт өнімдерін өндіруге, ауылдық тұтыну кооперативтерін құруға, картоп пен көкөніс өндіруге, ұн тағамдарын шығаруға, инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Аталған объектілер пайдалануға берілген кезде жаңадан 680 жұмыс орны ашылады.

Биылғы көктемгі егіске ерекше мән берілуде. Баяндамашы «Көктемнің әр күні жылға азық» екендігі диқандар тарапынан назарда ұсталатындығын айтты. Егіншілер 727,2 мың гектар алқапқа дән себуге дайындалуда. 19,6 мың гектарға – майлы дақылдар, 7170 гектарға – картоп, 3600 гектарға көкөніс тұқымдары отырғызылады.

Тұрғындарды сүтпен қамтамасыз етуде де ілгері жобалар ойластырылуда. Таяу уақытта бұл салада ірі кешен пайдалануға берілмек.

Қысқасы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының айтуына қарағанда, бізде тұрғындарды азық-түлік қорымен қамтамасыз етудің барлық мүмкіндіктері жасалған. Ендігі міндет – олардың көлемін одан әрі ұлғайта беру.

Баяндама бойынша депутаттар егіс алқабының өңдеу мәдениетінің төмен күйінде қалып келе жатқанына назар аударды. Егістікті улап, арамшөптерден құтылу үшін дәрі-дәрмек сатып алуға қаржы бөлінсе деген ұсыныстар да осы жиында айтылды. «Сонда өнім мөлшерін отыз пайызға дейін көбейту мүмкіндігі туар еді», – деді депутат Аманқос Төлеуов. Кәсіпкер Мұрат Итеғұлов, ауылдағы агроқұрылым жетекшісі Александр Чемоданов та ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі кейбір мәселелерге назар аударды.

Сессияда облыстық мәслихаттың комиссия төрағасы А.Чемоданов аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссия есебін ұсынды. Облыстық қаржы басқармасының бастығы С.Еңсегенұлы 2008 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы облыс әкімдігінің есебін бекітуге, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Қ.Әлімов облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жасады.

Сессияда Алға ауданындағы Черноводск селолық округін Қарақұдық ауылдық округі, Черноводск селосын Қарақұдық ауылы, Новосергеевка селосын Құмсай ауылы деп атау туралы шешім қабылданды.

Сессияда облыс әкімі Елеусін Сағындықов сөз сөйледі. Ол өз сөзінде дағдарысқа қарсы күрестің бағдарламасы, оның жүзеге асу жайына жан-жақты тоқталды. Осы ретте нақты қолға алынып отырған бес бағыттың – қаржы секторын нығайту, шағын бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп саласын дамытуға назар аудару сияқты салалардың мәнін ашып көрсетті.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша біздер жоспарланған мәселелерді түгелдей жүзеге асырдық, – деді Елеусін Наурызбайұлы, – Өздеріңіз де жақсы білетіндей, бағдарламаның негізгі мәні  жұмыс орындарын сақтау еді, бұл ретте жаппай жұмыстан босату көрінісіне жол берген жоқпыз, бұл бағыттағы ұстанымымызды сақтадық.

Сессияда депутаттар көтерілген мәселелерге қолдау көрсетіп отырды, ерекше назар аударарлық көлденең сұрақтар туындай қойған жоқ. Мұның себебін халық қалаулылары күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің алдын ала комиссия отырыстарында әбден талқылаудан өтіп, сұрыпталып келуімен түсіндірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button