Жаңалықтар

10 мердігер компания бекітілді

Қала

Ақтөбе қаласында биыл қысқы жол тазарту жұмыстарына 10 мердігер компания жауапты болады.

Ақтөбе қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қазір мердігер мекемелердің мамандары өз міндеттерін атқаруға кірісіп кеткен.

Алдағы уақытта 10 мердігер компания қаладағы аялдама павильондары аумағын, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жаяу жүргіншілер жолының айналасын тазартып, тайғақ жерлерге құм мен тұз себеді.

Мердігерлер қысқы кезеңге 1000 тонна тұз және 2000 тонна тұз аралас құм қоспасын дайындаған. Өткен аптада көше-жол желісін тазалауға 10 құм шашқыш техника, 33 щеткасы бар техника, 4 грейдер, 8 тиегіш техника және 25 самосвал, 80-нен астам жұмысшы жұмылдырылған.

Қазіргі таңда саябақтарды, алаңдарды, қоғамдық көлік аялдамаларын, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазарту жұмыстары жалғасуда. Оларға 200 техника мен 10 мердігер ұйымның жұмысшылары тартылады.

Жолдарды қысқы күтіп ұстауға бекітілген компаниялар қала әкімдігімен үш жылдық келісімшартқа тұрған. Егер аталған ұйымдар өз міндеттерін дұрыс орындамаған жағдайда жауапты бөлімнің атынан тапсырыс беруші келісімшартты бұзып, серіктес компанияны өзгертуіне болады.

Ал «Қазгидромет» РМК Ақтөбе қалалық филиалының мәліметіне сүйенсек, биыл желтоқсан айы жылы болады, дегенмен жауын-шашын нормадан көп түсуі мүмкін. Ал қараша айының соңына қарай Ақтөбеде ауа температурасы түнде 17 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button