Жаңалықтар

Облыс бойынша 408 430 адам дауыс берді

Сайлау-2022

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының нәтижелері белгілі болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақтөбе облыстық Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов баспасөз мәслихатын өткізді.

20 қарашадағы кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге 2 ай бойы дайындық жұмыстары жүргізілді. Облыста 517 сайлау учаскесі тіркеліп,  14 аумақтық сайлау комиссиясы құрылды. Учаскелерде 3575 адам жұмыс істеді. Облыс бойынша тіркелген 560 952 сайлаушының 408 430-ы сайлауға қатысты.

Сайлаушылар тізімін қалыптастыруда Ақтөбе облысы жақсы көрсеткішке ие болды. Әр сайлау учаскесі заңға сай жұмыс істеді. Бақылаушылар дауыс берген кезде де, бюллетенді санау уақытында да қадағалап,учаскелік сайлау комиссияларының қорытынды хаттамаларынжоғары сайлау комиссияларына тапсырылу барысын бақылауда ұстады, — дейді облыстық Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Жүсіпов.

Сайлауға қатысу белсенділігі бойынша Ойыл ауданы сайлаушыларының90 пайызы дауыс беріп, жоғары көрсеткішке ие болды. Одан кейін Қобда, Қарғалы аудандарында тіркелген сайлаушылардың 87 пайызы дауыс берсе, Ырғыз, Хромтау аудандары тұрғындарының сайлауға қатысу деңгейі  85,84 пайыз болды. Әйтеке би ауданы да 84 пайызбен алғашқы бестікке кірді. Қалған аудандардың да саяси белсенділігі жоғары болды.

Кандидаттарға келетін болсақ, облыстың 8536 сайлаушысы Қарақат Әбденге  дауыс берген. Нұрлан Әуесбаевты 9517 адам қолдаса, Жигули Дайрабаев 18908 дауыс жинаған. Мейрам Қажыкенді қолдаушылар саны 4125 болса, Салтанат Тұрсынбекованы 9312 адам Президенттікке ұсынған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс бойынша  331 мыңнан астам адам дауыс берген.

Сайлауда 4311 адам бірінші рет дауыс берді. Сайлаудың өту тәртібін 3408 бақылаушы қадағалады. Оның 16-сы ЕҚЫҰ ұйымынан келіп қатысты. Олар Ақтөбе қаласы, Хромтау, Қарғалы, Мәртөк, Қобда,Мұғалжар аудандарында болып, сайлаудың әділ өтуін бақылады. Әр сайлау учаскелерінде орта есеппен 7-8 бақылаушыдан отырды.

Бақылаушылардың арасында  64 бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері болды. Жалпы 517 сайлау учаскесінде 201  онлайн сервистер жұмыс істеп тұрды. Оның қызметіне 222 адам жүгінген.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button