Жаңалықтар

Егіздер өз таңдауын жасады

Қобда ауданында 16 ауылдық округ  бар. Мұнда 31 сайлау учаскесі жұмыс жасап жатыр. Оларда жалпы саны 10 433 сайлаушы тіркелген.
Аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Бибігүл Қылышбаеваның айтуынша, аудан тұрғындары, ауыл халқы сайлауға белсенді қатысып жатыр. Көңіл күйлері көтеріңкі.
— Барлық округте ән мен биден шашу шашылып, жәрмеңкелерлер ұйымдастырылуда. Кәсіпкерлер, жастар белсенділік танытып жатыр.
Қобдаға таңертең ерте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан Елена Леннон және Ячек Фракчек есімді тәуелсіз байқаушылар келді. Олар таңғы сағат  6.00-де аудандық Мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан №415  сайлау учаскесінде болды. Шетелдік байқаушылар қазірдің өзінде аудандағы 6 округте — Қобда, Талдысай, Әлия, Бестау, Бесқұдық, Бегалыда болып, ондағы саяси науқанды бақылады, — дейді Бибігүл Қылышбаева.
Қобда ауданының орталығындағы Қобыланды орта мектебінің ғимаратында орналасқан №414 сайлау учаскеде 31 жастағы егіздер Қайрат пен Қанат Жаңабаевтар дауыс берді. Қайрат аудандық жұмыспен қамту орталығында еңбек етсе, Қанат спорт саласында қызмет жасайды.
— Бүгін еліміздің тарихында маңызды саяси шара болып жатыр. Сайлау — ел ертеңі, ұлт болашағы үшін маңызды саяси науқан. Сыңарым Қанат екеуміз ел тұрақтылығы үшін өз таңдауымызды жасадық, — дейді Қайрат Жаңабаев.
Аудан бойынша 193 адам  үйде дауыс берді. 18 жасқа енді толғандардың саны — 59 адам. Түске дейін олардың 32-сі өз таңдауларын жасады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button