Жаңалықтар

Отбасымен белсенділік көрсетті

Ақтөбе қаласындағы №31 қазақ орта мектебінде орналасқан №4 сайлау учаскесінің есігін таңғы сағат 6-дан қаққандар болыпты. Бұл туралы аталған учаске төрағасының орынбасары Гүлдана Қалқаманова айтты.

– Бізде 2433 сайлаушы тіркелген. Сағат 11-ге дейін солардың 35-40 пайызы өз таңдауын жасады. Белсенділік өте жоғары. Тіпті сағат 7-де басталатын сайлауға бір сағат бұрын келіп алғандар бар. Көпшілігі – зейнеткерлер.
Алғаш дауыс берген 5 адамға және кәмелет жасына толып, сайлауға бірінші рет қатысып отырған 19 жігіт пен қызға естелік сыйлықтарды тапсырдық, – деген ол түрлі себеппен үйден дауыс беретін 9 адамға сайлау комиссиясының өкілдері баратынын қосты.
Біз барғанда саяси шараның өту барысын 8 байқаушы қадағалап отырды. Солардың бірі – «Сенім-Тірек» қоғамдық бірлестігінің өкілі Дәулет Архаров әзірге ешқандай заң бұзушылықты байқамағанын, барлығының тәртіпке сай өтіп жатқанын айтты.
Дауыс бергендердің қатарында көпбалалы ана, кәсіпкер Индира Жантекенова да бар. Ол сайлауға жолдасы мен 6 қызы, сондай-ақ ата-енесімен бірге келіп, отбасымен өз таңдауын жасады.

– Қазақстанның әр азаматы сайлауға қатысып, дауыс беруі керек деп ойлаймын. Бұл – азаматтық парызымыз. Мен де еліміздің жарқын болашағы үшін өз үнімді қостым.
Бала – біздің болашағымыз ғой. Сондықтан қыздарыма үлгі болсын, есте қалсын деп арнайы осында ертіп әкелдім. Осы сайлаудан оң өзгерістер күтемін, – дейді Индира.
Қаланың ескі бөлігіндегі аталған сайлау учаскесіне үлкен-кіші көптеп келіп жатқанын байқадық. Бәрі де бірауыздан жарқын болашақ үшін дауыс бергенін айтып жатты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button