Жаңалықтар

Әдеп

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Өмірде түрлі жағдайлар кездеседі. Журналист болғандықтан шығар, көбіне көрген жайды ой елегінен өткіземін. Біздің қоғамның мәдениетке, соның ішінде адамдардың кәнігі этикасына, яғни әдебіне анау айтқандай көңіл бөлмейтіні қынжылтады. Бұған, бір жағынан, «әуелі экономика, содан кейін мәдениет» деген нарық заманының жазылмаған «қағидасы» да әсер еткен болуы керек. Мәдениет кейінгі орынға ысырылып қалғандай.

…Біздің редакция ғимараттың жоғарғы қабатында орналасқан. Лифтімен жиі мініп-түсуге тура келеді. Жеделсатыдан шығып бара жатқанда, күтіп тұрғандардың ішке баса-көктеп кіруге ұмтылғанына талай куә болдым. Жолын білмей жұлқынып, өзі аядай жерге бірінші боп енуді қалайтындарға қарапайым әдеп алғышартын түсіндіруге мәжбүр боласың. Таңғалуыңыз мүмкін, бірақ есіктен шыққандарға кірушілер жол беруге міндетті екенін білмейтіндер бар. Жасының үлкен-кішілігіне, жынысына, мансабына қарамастан, бұл солай болуға тиіс. Ал лифтіге кірерде әуелі үлкен кісілер, одан кейін әйел адамдар, соңында ғана ер-жігіттерге кезек келетінін көпшілігі біледі деп ойлаймын. Кіреберістегі жағдай былай тұрсын, амандасу әдебінен хабарсыз жандар қаншама… Қай халықта дабелгілі бір жерге келген адам жасы мен лауазымына қарамастан, іштегілермен бірінші боп амандасуы қажет. Өйткені ол — келген адам, жолы кіші… Ал көпшілік жерде, сыртта кездескенде алғашқы боп ер адам әйел затымен, жастар ересектермен, қызметкерлер басшысымен амандық-саулық сұрасады. Бір қынжылтатыны, осыны да білмей, түйеден түскендей боп «неге амандаспайсың?!» деп кәдімгідей ренжитіндер ұшырасады. Жалпы, адамның мәдениетін сәлемінен-ақ бағамдауға болады. Дауыстап амандасқанына аузының ұшымен ғана жауап беріп немесе бас изеумен шектелетіндердің ой-өрісі бірден байқалады…

Ғимарат ішінде бас киімін шешпейтіндер, сағыз шайнап отырып әңгімелесетіндер, өзгелер тұрғанда отырып жауап беретіндер, жұмыстан тыс уақытта немесе демалыс күндері мазалайтындар, есікті жаппай кететіндер, т.б. көзге қораш көріністер көп-ақ. Мен теккүнделікті кездесетінін ғана тілге тиек еттім. Әйтпесе адамның ойын бөліп, тіпті еріксіз ашуландыратын «әттеген-айларды» тізбелесең, шашың жетпейді.

Еуропа елдеріндегідей емес, бізде адамның түрін, сыртқы тұлғасын, жеке өмірін әңгіме қылатындар баршылық. Біреудің арық-семіздігіне, жасарып-қартайғанына, қосылып-ажырасқанына, тіпті жалақысының қанша екеніне дейін жұрттың көзінше «уайымдайтындар» жетеді. Сұрақтың астына алып жатады. Бұл әдеп-ибаға жата ма? Мысалы, онсыз да денсаулығы сыр беріп жүрген адамның көңіліне қарамай, «арықтап кетіпсің» деп айту — ақылдының ісі емес. Осындайда хакім Абайдың: «…Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» деген сөзі еске түседі.

Айтылатын нәрсе мен айтылмайтын нәрсенің аражігін ажырата алмайтындар көбейген сыңайлы.

Бұның барлығы айналып келгенде адамның мәдениетіне байланысты. Қай істі де ойланып барып айтқан һәм істеген абзал. Ал ненің қалай екенін егжей-тегжейлі ұғындыратын еңбектер кітапханада самсап тұр, ғаламторда да этика нормаларына қатысты материалдар жетеді. Алысқа бармай-ақ ислам дінінің өзінде көркем мінез, мұсылман адамды кемелдендіретін ізгі қасиеттер, әдеп тәртіптері жөнінде мағлұмат бірталай. Яғни шынымен талаптанған адамға қазір мүмкіндік мол.

Бұрынырақта мектепте әдеп пәні болды. Мәдениеттану сабағы орта білім беру мекемелерін айтпағанда, жоғары оқу орындарында да жүргізілетін. Онымен бұларды факультатив пәндер, баланың миына салмақ түсіреді деген желеуменоқу бағдарламасынан алып тастады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Қым-қуыт тірліктен бір босамайтын ата-ана жөн сілтемегенмен, ең болмағанда педагогтер арнаулы сабақ кезінде бұл олқылықтың орнын толтырар еді…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button