Жаңалықтар

Атаулар — ұлттық танымның бір саласы

Ономастика

Елді мекен, көше, мәдениет және білім мекемелерінің атаулары қашанда ел мен жердің иесі кім екеніне меңзеп, жас ұрпақтың рухты болып өсуіне, мемлекеттілікті нығайтуға үлес қосады.

Мамандар ономастика саласының қоғамдық-саяси ғана емес, ғылыми-практикалық, мәдени-тарихи маңызына да көңіл бөлу керектігін айтады. Осы орайда Ақтөбеде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналып, «Ономастика: ұлттық танымға бетбұрыс» атты өңіраралық іс-шара өтті. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиында осы сала бойынша өзекті мәселелер, нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіру арқылы халықпен бірлесе жұмыс істеу жайы талқыланды. Жиынға Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты ономастика басқармасының басшысы Елерке Төрехан, облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының мүшелері, көрші аймақтардан және аудандардан келген мамандар, БАҚ өкілдері қатысты.

Патшалық және кеңестік заманда қазақ жеріндегі тарихи атаулардың басым бөлігі бұрмаланып, жойылғаны белгілі. Ал тәуелсіздік жылдарында осы олқылықты түзеу үшін, идеологиялық тұрғыдан ұлт мүддесімен қабыспайтын атауларды қайта атау, бұрынғы тарихи атауларды қайтару бағытында көп жұмыс істелді. Айта кетелік, бұл бағыттағы жұмыстар әр аймақта әрқилы жүргізілді, ал соның ішінде біздің облыста бұл жұмыстар дер кезінде қолға алынды. Сондықтан отыз жыл ішінде облыс орталығындағы, аудандардағы идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың көпшілігі өзгертіліп, бұл істе біраз өңірден озық келеміз.

Жиында облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасованың сөйлеген сөзінде келтірілген деректер де осы ойымызды бекіте түсті.

Ал Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты ономастика басқармасының басшысы Елерке Төрехан тәуелсіздік жылдарында елімізде 23 қаланың, 3 мыңға жуық білім және мәдениет мекемелерінің жаңа атауға ие болғанын, тарихи атауларды қайтару жұмыстарының жүйелі жүргізіліп келе жатқанын айтты. Елімізде жаңадан пайда болған өңірлер де көнеден келе жатқан атауларды иеленіп отыр. Мысалы, өте ертеден келе жатқан Жетісу мен Ұлытау атауларының ұлттың тарихи санасын жаңғыртуда маңызы өте зор.

Сонымен қатар Елерке Әдепханқызы осы жұмыстар барысында бастапқыда қолы жеткен адамның өз ата-бабасын «насихаттауы», жершілдік, рушылдық сынды олқылықтарға да жол берілгенін айтты:

Облыстық, аудандық деңгейдегі атауларда, ең алдымен, елдік, жалпыұлттық мүдде ескерілуі керек. Қазіргі күні бұрынғыдай жергілікті органдарда басшылық қызметте болғаны болмаса, ұлтқа басқалай еңбегі сіңбеген жандарға елді мекен, көше атаулары оңды-солды берілмейді. Бірақ бұл тұрғыдан келгенде де, жершілдікке жол берілмеуге тиіс. Мысалы, Ілияс Жансүгіров пен Дина Нұрпейісова — соңында қалдырған мұрасы бүкіл ұлттың қазынасына, игілігіне айналған тұлғалар. Алайда олардың бірінің есімі — Алматы облысы, екіншісінің аты Атырау өңірімен ғана шектелмей, еліміздің барлық өңіріне таралуы керек. Біз осыған байланысты талдаулар жүргізіп отырмыз. Мысалы, солтүстік өңірлерде Әлихан Бөкейханның атындағы нысандар, көшелер кездеспейді, — деді ол.

Сондай-ақ ол бұрынғы тарихи атауларды қайтаруда жеке адамдардың ұсыныс-пікірлерімен шектеліп қалмай, ескі карта, архив құжаттарына көбірек сүйену керектігін де атап өтті.

Пікір алмасу барысында Атырау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Жеміс Дияшева, Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ізбасар Жұмағали, облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының мүшелері, т.б. сөз сөйледі.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button