Басты жаңалықтарМереке

Облыс әкімі құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтады

Бүгін Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында Құтқарушылар күніне орай мерекелік жиын өтті. Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, сала ардагерлерін, төтенше жағдай департаменті мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. 

«Елімізде төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 27 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде оқыс оқиғалардың алдын алу және жою жұмыстары бойынша біршама жұмыс атқарылды. Халықтың сеніміне ие болды. Қиын жағдайларда ең алғаш болып көмекке келетін төтенше жағдайдың батыр қыз-жігіттері. Ешнәрсеге қарамай, тәуекелге бел буып, азаматтарымызды құтқарамыз деп келеді. Мұндайда батылдық, кәсіби шеберлік, мықты жүрек керек. Қызмет барысында қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алдық. Олар елдің есінде. Жамбыл, Қостанайдағы өртке біздің ақтөбелік құтқарушылар қарсы тұрып, ерлік көрсетті. Үлкен алғысымды білдіремін. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Халықтың алғысына бөлене беріңіздер» – деп облыс әкімі Ералы Тоғжанов мерекелік жиын қатысушыларына ізгі тілегін білдірді.

Төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін арашалауды кәсібіне айналдырып, жанқиярлығымен, батылдығымен Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген құтқарушыларды Ақтөбе облысы әкімі Ералы Тоғжанов Алғыс хатпен марапаттады. Олардың ішінде өрт сөндіру бөлімдерінен Бағдат Ақниязов, Нұрбек Жанпейіс, Наурызбай Дүйсенғалиев, Жедел құтқару жасағынан Есентұрар Серғазыұлы және басқалары бар.

Сондай-ақ, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Марғұлан Аманбаев әріптестерін мерекемен құттықтап, бір топ қызметкерді Төтенше жағдайлар министрлігінің медальдарымен, алғыс хат және грамотасымен марапаттады.

Мерекелік жиын соңы Қалалық мәдениет үйінің әртістерінің музыкалық бағдарламасына ұласты.

Өңірде жыл сайын Төтенше жағдайлар қызметінің адами әлеуетін арттыруға, материалдық-техникалық базасын жақсартуға мемлекет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. 2021 жылы департамент автопаркі 30 жаңа өрт сөндіру техникасымен толықтырылды. Мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ облыстың елді мекендерінде 8 өрт сөндіру бекеті құрылды. Ал 2022 жылы жол карталарын іске асыру шеңберінде ерікті өртке қарсы құрылымдардың қажеттіліктері үшін 55 бірлік өрт мотопомпасы, 335 бірлік ранцты өрт сөндіргіштер және 113 бірлік арнайы киім және су тасымалдауға арналған 7 тіркеме сатып алынды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button