Басты жаңалықтарЖастар

Жатақхана жеткілікті ме?

 Ақтөбеде жастар саны жыл сайын артып келеді. Соңғы жылдары ел жастарына көңіл бөлу, оларды барынша қолдау ісі ерекше қарқын алып жатыр. Қаламыздың оқу орындарында  52595 студент білім алады. Оларға арналған 29 жатақхана бар. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының үшінші бағдары «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деп аталады.

Соның ішінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуді маңызды мәселе ретінде қарастырды. Әрі мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн екенін ескертті.

Ақтөбеде 4 жоғары және 16 орта арнаулы оқу орындары бар. Жоғары оқу орнындарында жатақхана мәселесі оң шешімін тапқан. Қала бойынша тек М.Мәметова атындағы жоғары медициналық колледжі мен Ақтөбе политехникалық колледжі жатақханаларынан орын тапшылығы байқалады. Осы жылы медициналық колледждің жатақханасына 350-ден астам адамнан өтініш түскен, оның 150-ін ғана орналастырған. Дегенмен жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағыты бойынша оң нәтижелер бар. Медициналық колледжге жаңадан жатақхана салу Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасына кірген. Жатақхана құрылысын аяқтау келесі жылға жоспарланып отыр.

«Студенттерге есігіміз ашық»

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлікуниверситетінде 13141 студент оқиды.Оның 3000-ға жуығы басқа өңірден келген. Студенттерге жайлы болуы үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған 4 жатақхана бар. Жалпы 2100 балаға арналған орын бар. Дәл қазір 1860 студент тұрады. Жатақхана бағасы да тұрмыстық жағдайына сай. №1, 2, 3 студенттер үйінде тұрсаңыз, жылына 50500 теңге, ал 2017 жылда қолдануға берілген жастар үйінің бағасы 75750 теңгені құрайды.

— Жатақханада тек 1-курс студенттері ғана емес, жоғары курстағыларға да беріледі. Яғни орын тапшылығы жоқ. Керісінше, қазіржатақханада  тұрамын деген жастарға есігіміз ашық, —дейді әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің бас маманы Арайлым Бисенова.

Оқу орнында жыл сайын студент көбеюде. Соған сай жатақханаға сұраныс та артып отырады. 2020 жылғы мәліметке сүйенсек, университетте «Серпін» бағдарламасы бойынша Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан 592 студент білім алады, оның ішінде «Білім» бағыты бойынша — 423, «Техникалық ғылымдар және технологиялар» бағыты бойынша — 169 адам. Оқу орнының студенттерді жатақханамен қамту деңгейі— 100%.

Ескі мен жаңа

Жатақхана тек жатын орын ғана емес, студенттердің екінші үйі боп саналады. Сол үшін де сабаққа дайындалып, білімін жетілдіруге барлық жағдай жасалумен қатар, шығармашылықтарын дамытатын орталық қызметін де атқаруы керек. Жастардың білім алуына қолайлы әрі қауіпсіз болуы— заман талабы.

Қалада 52595 жасқа 29 жатақхана бар. Жыл сайын жатақхананы тексеретін арнайы топ бақылау жұмыстарын жүргізеді.Білім алушылардың жатақханадағы бүгінгі тыныс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы туралы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Әнуар Есқарин айтып берді.

— Қаламыздағы колледждердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы сын көтермейді. Жыл басынан бері мониторинг жұмыс тобымен дәстүрлі бақылау жұмыстарынжүргізіп келеміз. Жұмыс тобында облыстық, қалалық, аудандық  мәслихаттың депутаттары, Amanatпартиясы жанындағы  жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері бар. Сонда аңғарғанымыз,колледж жанындағы жатақханаларда студенттерге толық жағдай жасалмаған. Әсіресе Ақтөбе көлік, коммуникация  және жаңа технологиялар колледжі жатақханасыныңесіктерін, төсектерін ауыстыру керек. Ал Ауылшаруашылық колледжі жатақханасында 100-ден астам балаға 2-ақ тоңазытқыш бар. Бұл санитарлық талапқа сай келмейді. Осындай түйткілдерді жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысында көтеретін боламыз. Былтырғы жылы бұл жағдайды айтып, облыстық білім басқармасына хат жолдағанбыз, өкінішіке қарай, жауап та, әрекет те көрмедік,— дейді ол.

Жатақхананы өз көзімізбен көрейік деп, Ақтөбе көлік, коммуникация  және жаңа технологиялар колледжіне бардық. 4 қабатты ғимарат 1978 жылы салынған. Жалпы бөлме саны — 86. Жатақхана ғимаратын ескі демесеңіз, жағдайы жақсы. Бірінші қабатында ата-аналар бөлмесі, медициналық пункті, мәжіліс залы, оқу бөлмесі бар. Әр қабатта 2 ас бөлме, дәретхана, жуынатын бөлмеден тұрады. Одан бөлек кір жуатын бөлмеде 3 кір машинасы, киім үтіктейтін бөлме, 3 тоңазытқыш бар.

Білім алушылар контингенті — 1022 адам, жатақханада тұратын адам саны — 117.

— Әрине, күрделі жөндеу жұмысын жасағымыз келеді. Ескі есіктерді ауыстыру керек, темір төсектердің орнына ағаштан жасалғанын алғымыз келеді, бірақ бәрі қаржыға келіп тіреледі. Дегенмен колледж әкімшілігі қолынан келгенше барлық мүмкіндікті жасап отыр. Жыл сайынғы жөндеуден өтіп тұрамыз. Оқу жылының басында төсек-орын жабдықтарын, перделерді, тағы да басқа керек-жарақтарды портал арқылы тіркеп алдырттық.Қала бойынша ең арзан жатақхана бізде,бағасы ай сайын 4000 теңге, — дейді Ақтөбе көлік, коммуникация  және жаңа технологиялар колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытгүл Әбілпейісова.

Осы жылдың тамыз айында ғимаратқа жоспарлы түрде жасалған жөндеу жұмысына 3 750 000 теңге қаржы жұмсалған.

Студенттердің де жағдайын сұрап, бөлмесіне кіріп көрдік:

— Жатақханаға орналасу қиын болған жоқ. Қандыағаш қаласынан келген соң  дереу орналасып алдым. Бастысы тұратын жеріміз таза, жайлы. Бір бөлмеде 2-3 баладан тұрамыз, —  дейді 1-курс студенті Артур Малеев.

 

 

Ал жастар үйінде тұратын студенттердің жағдайы әлдеқайда жақсы. Жұбанов университетінің студенті Айкөркем Қанатқызы жатақханадағы өмірі туралы былай дейді:

— Жатақханада тұрып жатқанымызға биыл 2-жыл. Бірақ биыл заң өзгерген, университеттен шығып кеткен жағдайда ақшамыз қайтарылмайды. Тек академиямен ауысқан кезде қайтарамыз деген келісімшартқа қол қойдық. Жатақханада тұрған қызық, бірақөзіндік ережелері мен заңдары да бар. Жарықты өшіріп жүру, үтікті пайдаланбау, түнгі 11.00-ге дейін келіп болу деген сияқты. Бірақ жатақхана жайлы, таза, сонысымен ұнайды. Тазалыққа жауап беретін кезекші болады. Киімдерімізді де белгіленген уақытта ғана жуамыз. Мереке күндері әркімөз өнерін көрсетіп, шағын концерт ұйымдастырамыз, — дейді ол.

Ескерте кететін жайт, оқу орындарында жатақханаға өтініш беру қазан айына дейін жалғасады.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде де жатақхана мәселесі байқалмайды. Оқу орнының 5  жатақханасы бар. Өзге қаладан келген 3731 баланың барлығы дерлік жатақханамен қамтамасыз етілген. Ал студент үйінің ай сайын төлейтін бағасы 7500-16500 теңге аралығында.

«Ақтөбе— батыстағы студенттер астанасы» десек, ел ертеңі болатын жас ұрпаққа жағдай жасалуы керек. Жастарға қолдау білдіргенде ғана білімнің сапасы көтерілетіні анық.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button