Жаңалықтар

Сенбілікке шықпаған мекеме басшыларына ескерту берілді

Облыс аумағында тазалық науқанының басталғанына екі апта болды. Бірақ жұмыс орнының маңын қоқыс алаңына айналдырып, арамшөптің ортасында отырған мекемелер әлі де бар. Бүгінгі аппарат отырысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов аталған мекеме мен кәсіпорындардың басшыларын жеке-жеке тұрғызып, сенбілікке шықпауының себептерін сұрады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаментіне Тұрғындар қалашығы шағын ауданындағы «Беко» кафесі мен «Гелиос» жанар-жағармай құю бекетінің ортасындағы жасыл желекті тазарту керек болатын. Өкінішке қарай, аталған аумақта ешқандай тазалық жұмыстары жүргізілмеген. Сенбілікке не себепті шықпағандарын департамент басшысының өзі де жөндеп түсіндіре алмады. Сондай-ақ бұл жолғы сенбілікте тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен Ақтөбе облысының кәсіподақ орталығының ұжымы өздеріне бекітілген учаскедегі жұмыстарды толық аяқтамай, сағат 10.00-де үйлеріне кетіп қалыпты.

Ал «Самал» қонақүйінің арт жағындағы аумақты тазалауға бекітілген ішкі мемлекеттік аудит департаментінен бұл жолғы сенбілікке 6-ақ адам шыққан. Олар сенбілікке суретке түсу үшін ғана келген болса керек, сағат 10.00 шамасында аталған жерден бірде-біреуін таппадық. Департамент басшысы қызметкерлерінің сағат 11.30-ға дейін болғанын айтып ақталып бақты. Қазынашылық департаментінің ұжымы да бұл сенбілікке толық шықпаған.

Ералы Тоғжанов өткен дүйсенбіде облыстық көпсалалы аурухананың, «Әйгерім» жеке клиникасының және қалалық балалар ауруханасының аумағын үш күн ішінде тазартуды тапсырған еді. Төртінші күні жүргізілген мониторинг барысында айтылған жердің тазаланбағаны анықталды. Аумақтың қоқыс алаңына айналғаны сондай — пайдаланылған шприц пен медициналық қалдықтар шөп арасында шашылып жатыр. Аурухана ауласында адам денсаулығына зиян, аллергия тудыратын арамшөп — амброзия өсіп кеткен.

— Емханаға адам емделу үшін келеді. Ал сендер тұрған аумақта адам денсаулығына кері әсер ететін арамшөп өсіп, қоқыс шашылып жатыр. Мен бұл жерден тұрғындардың денсаулығын ойлап тұрған адам көріп тұрғаным жоқ. Денсаулық сақтау мекемелері тазалық жағынан ең алдыңғы қатарда тұруға тиіс. Халықты ауыртпаудың жолын айтатын дәрігерлер емес пе? — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ «Шипагер» медициналық орталығы, «Абрикос» дүкенінің аумағы тазаланбаған.  «Дина» супермаркетінің иесіне өткен жолы мақтау өтіп кеткен болса керек, 12-шағын ауданда орналасқан желісінің аумағында арапшөп қаптап кеткен.

Жиында қаланың басты әуе және теміржол қақпасының маңы да тазалықты қажет ететіндігі айтылды. Сондай-ақ мәдениеттің ошағы — Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры ғимаратының арты арамшөптен көрінбейді. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының маңындағы көлік тұрағы мен «Ақтөбе ТЭЦ», Еврострой, «Мерей» құрылыс дүкендері мен «Мега Шығыс» сауда үйі, «Алькор» қонақүйінің маңы, Сәңкібай батыр даңғылы, 101 а мекенжайында орналасқан сауда үйі мен «Формула» ТҚС, «Мой24» көлік жуу орнының маңына да көптен бері сыпырғыш тимеген.

Жиын барысында облыс әкімі сенбілікке бір кісідей атсалысқан мекемелерді атап өтті.

Ақтөбе медициналық орталығының ұжымына сенбілікке белсенді қатысқаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ «Гелиос» жанармай құю станциясының басшылығы ескертулерден кейін өз аумағын тез арада тазалады. Тазалау бар да, сол таза жерді күтіп ұстау бар. Сондықтан алдағы уақытта бұл жұмыстарға мұқият болу керек, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Сенбілікке шықпаған мекемелердің барлығына айналасын тазарту үшін белгілі бір уақыт берілді. Егер тапсырма орындалмаған жағдайда тиісті шара қолданылады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button