Ресми

Өтініш 15 күн ішінде қаралады

Некені тіркеу

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің неке қию туралы өтініш беру мерзімі бөлігіне өзгерістер енгізілді. Егер бұрын неке қию туралы өтінішті некені мемлекеттік тіркегенге дейін бір ай бұрын беру керек болса, енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2022 жылдың 15 тамызынан бастап, неке қию туралы өтініш некені мемлекеттік тіркегенге дейін 15 (он бес) күнтізбелік күн бұрын беріледі. Мерзім неке қию туралы бірлескен өтініш берілгеннен кейінгі келесі күннен бастап есептеледі, және 15-ші күнтізбелік күн некені мемлекеттік тіркеу күні болып саналады. Егер мерзімнің аяқталуы, яғни 15-ші күнтізбелік күн жұмыс күні болмаса (демалыс күні, мейрам, т.б.),онда некені тіркеу күні болып одан кейінгі жұмыс күні есептеледі.

Бұл өзгеріс ерлі-зайыптыларға некені тіркеуді жеңілдету және процесті тиімді ету үшін жасалды. Некеге тұру туралы өтінішті бұрынғыдай онлайн түрде, «www.egov.kz» Электронды үкімет порталы арқылы беруге болады. Портал  арқылы өтінішті кезкелген уақытта үйде немесе жұмыста отырып беруге мүмкіншілік бар, өйткені, портал тәулік бойы қызмет атқарады. Өтінішті электронды түрде беру өте ыңғайлы және тез. Өйткені екі арыз берушінің бір уақытта бір жерде болуы міндетті емес. Егер той күні белгіленген болса, алайда арыз беретін күні біреуіңіз белгілі себептерге орай басқа қалада болсаңыз, өтінішке сол жақтан да онлайн түрде қол қоюға болады.

Некені тіркеуге электронды өтініш беру қызметімен некеге алғашқы рет тұрып жатқан, балалары жоқ, 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары қолдана алады.

www.egov.kz Электронды үкімет порталы арқылы некені тіркеуге өтініш берудің  қадамдық нұсқасын ұсынамыз:

1-қадам. www.egov.kz Электронды үкімет порталында тіркелу қажет. Егер тіркелген болсаңыз, ЭЦҚ қолданып, жүйеге кіру  қажет;

2-қадам. Электронды үкіметтің басты бетінде «Отбасы» парағына кіріңіз;

3-қадам. «Отбасы жағдайы» парағына өтіп, «Некені тіркеуге электрондық өтініш беру» қызметін таңдаңыз;

4-қадам. Парақшаның оң жағындағы үстіңгі бұрышындағы «Онлайн сұрау» батырмасын басыңыз;

5-қадам. Өтініш бланкісі шығады, бұнда қызыл түспен белгіленген жолдар міндетті түрде толтырылуы қажет: Өзіңіз туралы мәліметтерді толтырып, болашақ жұбайыңыздың ЖСН теру қажет. «ТАӘ табу» деген батырманы басу қажет, бұл жүйеде ЖСН-ін бойынша қажетті адамды (болашақ жұбайыңызды) табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар некеңіздің тіркелуін қалайтын АХАТ бөлімін таңдау қажет (мысалы, Ақтөбе қаласында бола тұра, Нұр-Сұлтан қаласының АХАТ бөлімін таңдауға болады, т.б.). Егер мемлекеттік баж салығын Сіз төлейтін болсаңыз, «Төлеу» пунктін белгілеңіз. Осымен бір жаққа қатысты мәліметтерді толтыру аяқталып келеді, егер қызмет ақысын Сіз төлейтін болып белгілесеңіз, «Сұранысты жіберу» батырмасын басқаннан кейінСізді келесі – төлеу кезеңіне аударып  жібереді;

6-қадам. Бұл кезеңде Салық органы мен СТК көрсететін терезе ашылады, кейін,  «Төлеу» батырмасын басу қажет (қызмет құны –  1 АЕК);

7-қадам. Бұдан кейін, Сізді электронды үкіметтің төлеу шлюзына аударып жібереді, бұнда, көрсетілген тәсілдерінің бірімен мемлекеттік баж салығын төлеу қажет болады. Егер барлығын дұрыс жасап, төлем ойдағыдай өтсе, Сіз электронды чек пен қызмет төленгендігі туралы хабарлама аласыз;

8-қадам. Бұдан кейін Сізді өзіңіздің электрондық-цифрлы қолтаңбамен немесе біржолғы жасырын сөзбен бекітуге жататын «Қол қою» кезеңіне аударып жібереді;

9-қадам. Енді тек екінші арыз берушінің (болашақ жұбайыңыздың) қол қоюын күту қалды, яғни, ол өтінішті  растау қажет  (өтініш растауды 48 сағаттан артық емес уақыт күтеді, одан кейін жойылып кетеді);

10-қадам. Екінші арыз беруші (болашақ жұбайыңыз) порталдағы өзінің жеке кабинетіне кіргеннен кейін, «қызметтер алу тарихы» бөлімінде некені тіркеуге өтініш беру қызметі қосылғанын көреді;

11-қадам. «Толтыруға көшу» батырмасын таңдау қажет;

12-қадам. Пайда болған өтінімде барлық қажетті жолдарды толтырып, сұранысты жіберу қажет;

13-қадам. ЭЦҚ немесе біржолғы жасырын сөзді қолданып, қол қою қажет. Осымен аяқталды, осы сәттен бастап сіздер ресми түрде некені тіркеуге электронды өтініш бердіңіздер.

Өтінішті растағаннан кейін көрсетілген күні мен уақытта Сіз АХАТ бөліміне келіп, ресми түрде «ерлі-зайыптылар» болып жарияланасыздар.  АХАТ бөліміне белгілеген күні келмеген жағдайда өтініш жойылып кетеді.

Екінші немесе келесі некелерді тіркеуге портал арқылы өтініш беру мүмкін емес. Егер некеге тұрушылардың біреуі немесе екеуі де бұрын некеде болған болса, некеге тіркелу үшін  АХАТ бөліміне келіп  өтініш жазу қажет.  Өздерімен бірге жеке басын растайтын құжаттарын, бұрынғы некенің тоқтатылғанын растайтын құжаттарын, 1 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж салығы төленген түбіртегін ұсыну қажет.

Қосымша ақпараттарды алу үшін Әбілқайыр хан даңғылы, 88 мекенжайы бойынша Неке сарайы ғимаратының 2-қабатында орналасқан «Ақтөбе қалалық АХАТ бөлімі» ММ-не жолығуға болады. Байланыс телефоны: 8 (7132) 418-003, 418-006. Инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасы:  rags_gorod_aktobe.

Басқа жаңалықтар

Back to top button