Басты жаңалықтарСпорт

Тарландар тұлпар мінді

Тамыздың үшінші жексенбісі — Спорт күні

Ақтөбеліктер Триатлон саябағында Спорт күнін атап өтті. Мерекелік шара төріне облыстың денешынықтыру және спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар, чемпиондар мен олардың ата-аналары жайғасты.

Жиналғандарды Спорт күнімен құттықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

— Қазіргі уақытта спорт қызметкерлеріне, жалпы салаға айрықша көңіл бөлінуде.Өңірдің барлық аймақтарында, шалғай жатқан ауылдарға дейін түрлі бағыттағы көптеген заманауи спорт нысандары қолға алынып, спорт алаңдары салынып жатыр. Биылдың өзінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт кешені, футбол академиясының құрылысы, үстел теннисі орталығы секілді ірі жобалар, 5 денешынықтыру-сауықтыру спорт кешені, 60-тан астам спорт алаңдары бой көтереді деп жоспарлап отырмыз.Спортшыларымыз чемпионаттардан, түрлі деңгейдегі жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Жастарымыз әсіресе грек-рим күресінің шеберлері Арсен Жұма әлем чемпионатында III орынға, Диас Маратов Азия чемпионатында II орынға ие болды.Францияның Нормандия қаласында өткен Дүниежүзілік Гимназиада ойындарында грек-рим күресінен Бекнұр Мұқан, Ақжан Ықыласов, бокстан Дәулет Төлемісов чемпион атанды. Ал таэквондошы Әсет Ізғалеев әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленген өзіміздің «Ақтөбе» футбол клубымыз маусым сайын жаңа жеңістерімен қуантуда.Келесі жыл — Париж Олимпиадасына дайындық жылы. Біз ақтөбелік спортшыларға сенеміз және үлкен үміт артамыз. Баршаңызды Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын!Қазақ спорты жасай берсін!— деп, өңірде спорт саласының дамуына үлес қосқан бір топ азаматты марапаттады.

Жастарды спортқа баулып, чемпион тәрбиелеп жүрген жаттықтырушылар Серік Көптілеуов, Гүлнар Картанова, Абат Аймағамбетовке Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі табысталды.

Аталған министрліктің «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне облыстағы үздік бапкерлер Гүлбану Абдуллина, Тұрғанбай Аймағанбет, Болат Арынғазиев ие болды. Сондай-ақ самбо күресінен әлем чемпионын даярлаған Ақәділ Обаев, грек-рим күресінен Азия жүлдегерін баптаған Айбек Пұсырман, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүргенбайғаниндік Нұржан Әбдірұлы мен ойылдық Бақберген Мұхамбетқали, денешынықтыру және спорт саласының дамуына ерекше үлес қосып жүрген Біржан Мұсаев Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасын иеленді.

Тағы бес азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Биыл маусым айында Ресей Федерациясының Татарстан Республикасында өткен аударыспақ спортынан тұңғыш рет әлем чемпионатында ақтөбелік спортшылар ерекше ойын үлгісін көрсетіп, алтын және қола медальға ие болды. Осындай салтанатты шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалин ұлттық спорт түрі — аударыспақты насихаттап жүрген үш спортшыға тұлпардың тізгінін ұстатты.

Аударыспақтан Әлем чемпионы Шыңғысхан Ержанов пен Азия чемпиондары— Азамат Серғазин, Арман Сағынбаевтар әкім сыйлаған аттарға мініп, естелікке суретке түсіп жатты.

«Алып та анадан туады» демекші, осындай тарландарымызды ұлықтаумен қатар, оларды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген аналарға облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының атынан гүл шоқтары ұсынылды.

Салтанатты шара барысында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров алты адамға «Спорт ардагері», тоғыз адамға «Облыста спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін тапсырды. Ал Азамат Сарбасов,Әліби Сарин, Нұрқанат Әжіқанов, Азамат Қайдаровтарға «ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы» және «ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері» куәліктері табыс етілді.

Саябақта федерациялар, клубтар меноблыстағы барлық спорт мектептері кубоктары мен медальдары қойылған жетістіктер көрмесін ұйымдастырды, ал жас спортшылар өзі айналысатын спорт түрі бойынша өнерін көрерменге паш етті. Триатлон паркіне келген ең жас ақтөбеліктерді дзюдо, еркін және грек-рим күресі, самбо, қазақша күрес, джиу-джитсу және басқа да спорт түрлерінен көрсеткен көрсетілімдері ерекше қуантты.

Бұл күні саябақта Әлем, Азия және Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлері, Олимпиада және Сурдлимпиада, Паралимпиада ойындарының қатысушылары жиналды.

Мерекелік шара соңы Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілерінің концертіне ұласты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button