Ауыл

Шөп тапшылығы жоқ

  • Мал азығы

Ойыл ауданында қысқы мал азығын дайындау науқаны шілде айының басынан басталды.

Жылда қуаңшылық салдарын мал азығын маусымда бастайтын шаруалар биыл асығыстық танытпады. Себебі жауынсыз жылдарда шөптің қурап, құнарын жоғалтпауы үшін науқанға ерте кірісетін-ді. Ал биыл керісінше көктемгі ылғал мамыр айының соңына дейін жалғасып, соңы жаңбырға ұласты. Соңғы 20 жылда тасымаған көл табандары ақ нөпірге толды. Соның нәтижесінде қырдың да, көлдің де шөбі қалың шықты.

Алдағы қыстан малдың қысылмай шығуы үшін аудан бойынша жалпы 218,1 мың тонна шөп дайындалуға тиіс. Қазіргі таңда 74 мың тонна шөп шабылды. Нақтырақ айтсақ, 2077 аула болса, әзірше 183 аулаға мал азығы түсіп тұр. Бұл көрсеткіш 8,8 пайызды құрайды.

Былтыр қуаңшылық жайлап, бірқатар ауылдық округтерге мал азығы шалғайдағы ауылдардан тасылып, қамтылды. Биыл керісінше әр округтің шабындық жерлері аймақтың несібесін еселей түсті. Әзірге шөп тапшылығы сезіліп тұрған жоқ.

Ауданда шөп шабатын 76 бригада бар. Олар 99 трактор, 91 тіркеме, 88 шөп шабатын, 70 шөп буатын және 88 тырма сынды арнайы техникалармен қамтылған. Мал азығын әзірлеуге толық мүмкіндік бар.

Шөптің бір бума бағасы — 450-500 теңге. Қарапайым халық шөптің қымбаттығын айтқанымен, әзірге баға түсер емес. Бүгінде азық-түлік қымбаттап, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан кезде, оған мал азығының қымбаттығы қосылды. Өткен сенбіде шөп бағаларының тұрақтылығы қадағаланып, алғашқы мал азығының жәрмеңкесі басталды.

Былтыр қуаңшылық пен қыстың ұзаққа созылуынан бағаның өскені рас. Ел абдырап, қараша халықтың өзегі талған шақта шөп бағасы шарықтап кетті. Ал қазір шөп бағасының қымбаттауына ешқандай негіз жоқ…

Бір қуантарлығы, бүгінде Ойыл ауданында мал саны жыл сайын артып келеді. Аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, биыл қысқа 44135 ірі қара, 181558 қой-ешкі, 16991 жылқы және 83 түйе түседі деген болжам бар.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button