Ауыл

Дәстүрді дәріптеген жоба

Ырғыз ауданында республикалық «Қазақ аналары  — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің алғашқы аудандық бөлімі ашылды.

Аудан орталығындағы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы саябақта өткен  салтанатқа аталған жобаның облыстық филиалының басшысы Нәзира Табылдинованың жетекшілігімен бір топ ана арнайы барып қатысты.

Ұлттық құндылығымыз — салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды насихаттайтын шара бүгінде елордада жүрген ақтөбелік Марита Қабажанқызының «Дәріптейік салт-дәстүрін бабамның» атты әнімен басталды.

Осы шараға арнайы келген жоба қатысушыларының бірі, денсаулық сақтау саласының үздігі Несібелі Қарымсақова туған жеріндегі игілікті іс-шараға сәттілік тілеп, ардагер ұстаз Райгүл Серғалиева екеуі көк лентаны қиып, кеш жүргізушілері аудандық бөлімнің ресми ашылғанын хабарлады. Осы тұста үш мәрте қажылыққа барып келген көпбалалы ана, денсаулық сақтау саласының ардагері Шамсия Айжарықова бата беріп, ырғыздық әжелер шашу шашты.

Одан соң тұрғындар сахналанған дәстүрлер шеруін тамашалады. Мұнда аудандағы 7 округ жеті түрлі дәстүрден көрініс көрсетті. Атап айтсақ, Жайсаңбай округінің келіндері сәлем салды. Ырғыз ауылдық округі «Ашамай» дәстүрін дәріптесе, қызылжарлықтар «Қыз бен жігіт» айтысын, құмтоғайлықтар «Беташар» ұйымдастырып, жастарға бата берді. Аманкөл ауылдық округінің келіндері ат тергеп, Нұра тұрғындары ерулік берді. Тәуіп жастары бастаңғы ұйымдастырса, ауылдың бір топ ибалы келінінің ақ жаулықты аналарымызға иіліп сәлем салуымен басталды.

Елімізге танымал әнші Айнұр Жүгінісованың бастамасымен былтыр республикалық «Дәстүрге жол» жобасы қолға алынған еді. Өткен жылдың желтоқсан айында құрылған облыстық филиалға бүгінде 70-ке жуық ана мүше. Белсенді ана-әжелердің дені — еңбек ардагерлері, білікті мамандар.

— Қоғамның көңіл аударатын бір тұсы — бала тәрбиесі. Ана болған соң бейжай қарай алмаймыз, алаңдаймыз. Себебі ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы. Ал ұлттық салт-дәстүр — халықтың рухы. «Дәстүрге жол» жобасының мақсаты — таным көкжиегі кең, өзіндік пікірі бар, белсенді аналардың көмегімен ел ішінде ұмытылып бара жатқан ата дәстүрді жаңғырту. Осындай мақсатта еліміз бойынша алғаш рет аудан орталығынан бөлім ашылды. Алдағы уақытта да осындай бөлімдер барлық ауданнан ашылып, ата дәстүрді дәріптейтіндердің қатары көбейеді деп сенеміз, — дейді жоба қатысушысы, ардагер ұстаз, патриот ана Райгүл Серғалиева.

Бұл күні саябақ ортасындағы аппақ киіз үй ішінде аудандағы жеті округтің келіндері ұлттық тағам түрлерінен көрме ұйымдастырды. Сондай-ақ аудандық кітапхана қызметкерлері кітап көрмесін жасақтады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.
(Материалдың толық нұсқасын газетіміздің бейсенбілік нөмірінен оқи аласыздар.)

Басқа жаңалықтар

Back to top button