Экономика

Импортты отандық тауармен алмастыра аламыз ба?

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен кездесуде осы сұраққа жауап ізделді. Үстел басына отандық тауар өндірушілер мен «Еуразиялық Топ» ЖШС және «Қазхром» ТҰК» АҚ өкілдері жиналды. Тараптар ERG компаниясының импортты алмастыру бағдарламасы, отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын арттыру, сатып алу ережелерін реттеу мәселелері талқыланды.  

«Атамекен» ӨКП директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Жаңаайым Келбатырованың айтуынша, бүгінде кәсіпкерлер үшін ең өзекті мәселе — сатып алуларға қатысу. Себебі сатып алуларға қатысу өнім өндірудің кепілі бола алады, сондықтан бұл әсіресе отандық өндірушілер үшін өте өзекті.

Былтыр жергілікті қамтуды мониторингілеу жөніндегі облыстық комиссия шеңберінде «Қазхром» ТҰК» АҚ-мен отандық тауар өндірушілерді қолдау туралы үшжақты меморандум жасалды, бұл құжат шеңберінде тапсырыс беруші өндірушілерге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Өткен жылы осы меморандум шеңберінде «Қазхром» компаниясы жергілікті өндірушілермен жалпы сомасы шамамен 5,9 млрд теңгеге шарттар жасасқан. Олардың қатарында «Ақтөбе металл құрылғыларының зауыты» АҚ, «Стройдеталь» ЖШС, «ТК Фарм Актобе» ЖШС, «Хромтау кірпіш зауыты» ЖШС, «Kazpolimer Ltd» ЖШС, «Акватория-Ақтөбе» ЖШС, «Ақтөбе-Прилад» ЖШС, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС, Ақтөбе соқырлар қоғамы, «ПО Глобал Спецодежда» ЖШС секілді бірнеше жергілікті компаниялар бар.

«Қазхромның», жалпы ERG-дің басқа да компанияларының сатып алулары аясында өз өнімдерін ұсынғысы келетін кәсіпкерлерге әлде де мүмкіндік болмай отыр, себебі тапсырыс беруші белгілі бір себептерге қатысты олардың өнімдерін алудан бас тартқан. ERG-дің «импортты алмастыратын өнім өндірісі ашылған жағдайда сатып алуға қатысуға басымдық берілетіні» жөніндегі импортты алмастыру бағдарламасы бар. Алайда бұл бағдарламаға қатысу үшін әлеуетті жеткізуші белгілі бір талаптарға жауап беруі керек. Жалпы жергілікті өнім өндіру саласын дамыту, оларға сырттан келетін тауарлардың орнын толтыруға, яғни, импортты алмастыруға мүмкіндік беру мәселесі республикалық деңгейге де көтеріліп отыр, — деді ол.

Еуразиялық Топтың жергілікті қамту бойынша сатып алу әдіснамасы бөлімшесінің басшысы Александр Сергеевтің айтуынша, ERG-дің жыл сайын шамамен 2,5 миллиард доллар көлемінде сатып алу рәсімдерін жүргізеді және әрбір төртінші тауар отандық өнім өндірушілерден алынады. Аталған компания 2020 жылдың соңында жергілікті қамтуды дамытудың мемлекеттік саясатын іске асыруға қатысып, тауарлар импортын алмастыру және локализациялау бағдарламасын іске қосқан.

Қазір тізім шамамен 2 триллион теңге сомасына 3 мыңнан астам позицияға кеңейтілді. Бұл тізімді қалыптастыру барысында біз Еуразиялық Топтың барлық компанияларының соңғы үш жылда сатып алынған тұрақты тұтынылатын  өнімдерін сараладық. Импортты алмастыру жөніндегі жаңа бағдарлама тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда жергілікті қамтуды нығайту мен дамытуға бұрынғыдан да ауқымдырақ үлес қосады. Тізімдегі барлық тауар бойынша Еуразиялық Топ берілген өтінімдерге сәйкес ұзақ мерзімді немесе оффтейк-келісімшарттар жасасуды қарастыруға дайын, — деді Александр Сергеев.

Кездесу қорытындысы бойынша аталған компания жергілікті өндірушілерді қолдауға дайын екендіктерін, кәсіпкерлерден сатып алу мен аттестациядан өту үшін өтінім күтетінін айтты. Еліміздегі аса ірі компаниялардың сатып алу рәсімдерінде отандық тауар өндірушілердің көп болуы жергілікті қамту үлесін арттыратыны сөзсіз. Кездесу барысында кәсіпкерлерден төлем мерзімін 5-10 күнге дейін қысқарту, ұсақ сатып алу рәсімдерін неғұрлым ірілерге топтау, осы мәселеге қатысты тоқсан сайын тұрақты кездесу өткізу жөнінде ұсыныстар айтылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button