Басты жаңалықтарСпорт

Қазақстан құрамасы: жаңа бапкер, жаңа тыныс

Ұлттар Лигасы

Сонымен, Қазақстан өз тобындағылармен (Словакия, Беларусь, Әзірбайжан құрамаларымен) бірге Ұлттар Лигасындағы төрт кездесуін өткізіп болды. Үш рет жеңіп, бір рет тең ойнаған жерлестеріміз көш басына мықтап орнықты. Бұны белгілі футбол мамандары сенсация ретінде бағаласа, ұлттық құраманы осы ойындар басталар алдында ғана қолға алған бас бапкер Магомед Адиевтің тосын табысына тамсанып жатқандар және жеткілікті.

Расын айту керек, осы маусымдық кездесулер өтер қарсаңда қазақстандық футболшылардан, сырт жұртты айтпағанда, өз еліміздің жанкүйерлері де тап мұндай табыс күтпеген еді. Оның бірқатар себептерін газетіміздің 9 маусым күнгі нөмірінде жарияланған «Қазақстан құрамасы көш бастап тұр» деп аталған мақаламызда келтірдік те. Оны қайталап жатпаймыз.

Енді негізгі әңгімемізге көшейік.

Алғашқы екі ойында да ұтысқа ие болған жерлестеріміз 10 маусым күні Беларусь командасымен кездесті. Алаңға Игорь Шацкий (қақпашы), Ян Вороговский, Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Сергей Малый, Бағдат Қайыров, Исламбек Қуат (капитан), Аслан Дарабаев, Эльхан Астанов, Рамазан Оразов, Абат Айымбетов шықты.

Бейтарап алаңда, Сербияның Нови-Сад қаласында өткен бұл ойында әуелгі голды Қазақстан өткізді. 13-минутта Абат Айымбетов баспен соққан гол үргедектенген көңілімізді бір орнықтырып қойды. Өйткені бұған дейін белорустарды жеңіп көрмеген екенбіз.

Айта кеткен жөн, сол күні жаңбыр тынымсыз жауды да тұрды. Бұл, сөз жоқ, футболшыларға оңайға соқпады. Десе де сол бірінші таймда Эльхан Астанов есепті ұлғайта жаздады, ал екінші таймда Аслан Дарабаев, Рамазан Оразов пен тағы да сол Э.Астанов қауіпті соққылар жасады. Бірақ тағы бір гол соғудың сәті түспеді. Оның үстіне жеңілмеудің барлық айласын ойластырып баққан белорустық футболшылар жанталаса күшке мінді де, су кеше жүріп тынымсыз қимылдаған, сонда да қорғанысты берік ұстаған жігіттеріміз екінші таймда шынымен де шаршай бастады. Бұл ретте алаңға тың футболшылар шығарудан басқа амал да жоқ еді. Сөйтіп, 58-минутта Ян Вороговскийдің, 67-минутта Абат Айымбетов пен Рамазан Оразовтың, 76-минутта Эльхан Астановтың, 77-минутта Аслан Дарабаевтың орнына ретімен Ғафуржан Сүйімбаев, Артур Шушеначев, Самат Жарынбетов, Владислав Васильев, Тимур Досмағамбетов шықты.

Мойындаған жөн, амалсыздан жасалған бұл өзгертулер бірден-ақ көңілімізден шыға қоймады. Әлде су сіңбей жатқан тайғақ алаңға бой үйрете алмады ма, немесе бір-бірін түсінісуге уақыт жетпеді ме, әйтеуір, белорустардың үсті-үстіне өрекпіген шабуылдары жаңа ойыншыларымызды абыржытып бақты. Ақырында кездесудің аяқталуына 5-6 минуттай уақыт қалғанда қақпамызға қарымта гол енді де кетті.

Ойын осылай тең аяқталды. Әрине, қолда тұрған жеңістен соңғы сәтте айырылып қалғанымызға ішіміз удай ашыды, дегенмен біздің құраманы ұтып үйреніп қалған белорустардың өкініштен өртене жаздағаны және айдан анық еді.

Аузы күйген үрлеп ішетіні мәлім, бұдан соң 13 маусымда елордада, өз алаңымызда өтетін төртінші кездесуге тағы да екіұдай көңіл күймен келдік. Өйткені қарсыласымыз даусыз фаворит атанған Словакия еді. Бұлар Беларусьты да, Әзірбайжанды да ұтқан. Енді олардың бірінші кездесуде (6 маусымда) «абайсызда» ұтып кеткен қазақстандықтарды баяғы орнына қоюды ойлап келгені әбден мәлім еді. Кездесу басталған бойдан-ақ қонақтардың допқа иелік ете кетуі соның нышанындай көрінген. Бірақ олай болмады. 18-минутта Ян Вороговский, 39-минутта Эльхан Астанов соққан екі гол словактардың әп-әдемі үмітінің тас-талқанын шығарғандай болды. Дегенмен словактар екінші таймда есе қайтаруға мықтап кірісті, шабуылдарды үдетті, қауіпті соққылар жасады. Бұл ретте қақпашымыз Игорь Шацкий асқан шеберлік көрсетті. Ол, басқасын былай қойғанда, голға айналуға мол мүмкіндігі болған екі қауіпті соққының бетін қайтарды. Стадион «Шацкий, Шацкий» деп дүрілдеп кетті. Рас, словактар бір гол соқты да (Матуш Беро, 51-минут). Бірақ бұл жетістікті одан әрі дамытуға қазақстандық құрама мүмкіндік бермеді. Кездесудің соңына қарай ойлары жүзеге аспай қойған қонақтардың жүйкесі сыр бере бастады да, ақыры, ойын тәртібін өрескел бұзған Ондрей Дуда алаңнан қуылып тынды. Ал Қазақстан құрамасы қоржынға кезекті үш ұпайды салды.

Турнир басында әлденеге қабілеті бар қарсылас ретінде тіпті есепке де алынбаған құрамадан бір емес, екі рет жеңілу словактарға, әрине, ауыр тиді. Словакия жанкүйерлерінің өз ойыншыларымен бірге қазақстандық футбол мен қазақстандық футболшыларды да (тіпті төрешілерді де) жамырай жамандай жөнелуінің бар себебі біреу ғана — мүмкін еместі мүмкін еткен команданың жеңісін мойындағысы келмеу, өз әлсіздіктеріне өзгелерді кінәлі ету, қисынсыз сылтаулар іздеу. Оның үстіне біздің футболшылар екі гол соғып алған соң қарсыластарының өз алаңымызда еркін ойнақтауына мүмкіндік бермеді. Қорғанысты да мығым ұстады, шабуылдан да бас тартқан жоқ. Қорғанысты бұза алмаған словактар, бір жағынан, өз қақпасына тағы да гол кіргізіп алудан қорқып, алаңның алғы шебінде алаңсыз асыр сала алмады. Себебі олардың сәл қателігін біздің футболшылар тамаша пайдаланып кететінін әбден сезінді. Оның үстіне біздің жігіттер қарсыластың әр футболшысының қимыл-әрекетін бақылаудан шығармады, қауіп тудыратын соққылардың алдын алып отырды. Екінші жағынан, осындай тактикаға қарсы ештеңе жасай алмаған амалсыздық қонақтардың жүйкесін тоздырып, оларды дөрекі қимылдауға итермеледі. Ал жеңіске жету тек тынымсыз шабуылдау емес, қажет жерінде тас түйін қорғаныс та екенін, фавориттің алдында бүгежектеудің еш қажеті жоқтығын бас бапкер Магомед Адиев шәкірттерінің санасына әбден сіңіргені байқалды. Былайша айтқанда, М.Адиев жігіттерімізге қарсыластарымыз біздің айып алаңымызға енетін аймақтың бар тұсын жауып тастатқызды, сондықтан қанша шебер болғанымен словакиялық футболшылар кең алаңды өз ыңғайларына қарай емін-еркін пайдалана алмады.

Сөйтіп, бұл күні алаңға шыққан жігіттеріміз — Игорь Шацкий (қақпашы), Тимур Досмағамбетов, Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Сергей Малый, Михаил Габышев (Бағдат Қайыров, 73-минут), Асхат Тағыберген (капитан), Аслан Дарабаев (Темірлан Ерланов, 88-минут), Ян Вороговский (Рамазан Оразов, 73-минут), Эльхан Астанов (Юрий Логвиненко, 83-минут), Абат Айымбетов (Максим Самородов, 88-минут) жанкүйерлерді тағы да шаттыққа бөледі.

Осылайша «С» тобындағы Қазақстан құрамасы өздерінен жоғары тұрған «В» тобына өтудің алғышарттарын жасады. Ол үшін, әрине, Магомед Адиевтің жігіттері қыркүйек айында өтетін екі кездесуді сәтті өткізуі керек. Түсініктеме үшін айта кетсек, Ұлттар Лигасында ең жоғарғы топ — «А» тобы. Ал одан кейінгі «В», «С», «Д» топтарындағы құрамалар өз топтарындағы ойындардың қорытындысы бойынша бірінші орынға шықса, бір саты жоғарылайды.

Төрт турдың нәтижелері төмендегідей болды.

3 маусым. Қазақстан-Әзірбайжан — 2:0

3 маусым. Беларусь-Словакия — 0:1

6 маусым. Беларусь-Әзірбайжан — 0:0

6 маусым. Словакия-Қазақстан — 0:1

10 маусым. Әзірбайжан-Словакия — 0:1

10 маусым. Беларусь-Қазақстан — 1:1

13 маусым. Қазақстан-Словакия — 2:1

13 маусым. Әзірбайжан-Беларусь — 2:0

Сонымен, төрт турдан соң 10 ұпаймен Қазақстан құрамасы көш бастап тұр. Екінші орында — 6 ұпайы бар Словкия. 4 ұпай жинаған Әзірбайжан мен 2 ұпайы ғана бар Беларусь 3-4 орындарға жайғасты.

Қосымша айта кетсек, Қазақстан бұл кездесулерде 6 гол соқса, қалған үш құраманың ортақ қосынды көрсеткіші де 6 гол болды. Біздің құрамамызда қарсыластар қақпасына Абат Айымбетов 3 гол соқса, Аслан Дарабаев, Ян Вороговский мен Эльхан Астанов 1 голдан енгізді.

Енді қыркүйек айында толық нәтиже біржола белгілі болатын төрт кездесу өтеді:

22 қыркүйек. Қазақстан-Беларусь

22 қыркүйек. Словакия-Әзірбайжан

25 қыркүйек. Әзірбайжан-Қазақстан

25 қыркүйек. Словакия-Беларусь

Жігіттерімізге жеңісті ойындар тілейміз.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button