Экономика

Биылғы меже — облыс экономикасына 933 миллиард теңге инвестиция тарту

Облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында өңір экономикасына инвестиция тарту мәселесі талқыланды.

Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында облысқа тартылған инвестиция көлемі 162,9 миллиард теңгені құрады, бұл жоспарланған көлемнен 8,2% көбірек. Соның ішінде 300 жұмыс орнын құрған сегіз жоба жүзеге асырылды — сүзбе мен нан-тоқаш өнімдерін шығаратын цехтың, сауда орталықтарының, мобильді спорттық-сауықтыру кешенінің және т.б. құрылысы басталды.

Сонымен бірге инвестиция тарту жоспарын орындамаған аудандар да жоқ емес. Олар — Қобда, Ойыл, Ырғыз, Әйтеке би, Алға, Темір аудандары. Облыс орталығында да осындай жағдай көрініс беріп отыр.

Индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуандық Қасымовтың сөзінше, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 90,6 миллиард теңгеге 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру есебінен 1100 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жалпы, 2021-2025 жылдар аралығындағы кезеңде облысқа 5,7 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, соның ішінде 933 миллиард теңге осы жылдың үлесіне тимекші.

Облыс әкімі белгіленген жұмыстарды уақытында жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

«Аудандарда және облыс орталығында әрбір жоба үнемі бақылауда болуға тиіс. Әр үш ай сайын ағымдағы жағдай бойынша талдау жүргізіп отырыңыздар. Егер бір жерде кешеуілдеу орын алса, жағдаймен жекелей айналысыңыздар», — деп тапсырды облыс басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button