Экономика

Кәсіпкерлер бизнес-омбудсменмен кездесті

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов «Атамекен» өңірлік палатасында ақтөбелік кәсіпкерлерді жеке қабылдады. Бизнес-омбудсмен осындай диалог алаңдарының кәсіпкерлердің мәселелерін шешуде үлкен рөл атқаратынын, бұл форматтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда тиімді тетіктердің біріне айналып отырғандығын айтты.

Арнайы уәкіл кәсіпкелердің бизнесті жүргізу барысында кездесетін кедергілер мен қиындықтар туралы, оны шешу жолдарын талқылады. Мәселен, ақтөбелік кәсіпкер, гүл дүкені иесі Оксана Демчук тұрғын үй маңынан жер учаскесін жалға алып, 30 млн теңге қаражатқа жапсарлас құрылыс салып, кейін нысанды кеңейтуді жоспарлаған. Алайда әлгі тұрғын үйдің қабырғасына 2002 жылы ғалым Нағашыбай Шайкеновтің құрметіне орнатылған мемориалды тақта құрылысты кеңейтуге кедергі болған. Кәсіпкер бұл тақтаны орнынан сәл қозғау үшін рұқсат алуға тырысқан, алайда ол мемлекеттік органдардың балансында болмай шыққан. Кейін, құрылыс аяқталар кезде Н.Шайкенов атындағы қоғамдық қоры мен Ақтөбе қаласының сәулет бөлімі кәсіпкердің «тақтаны демонтаж жасауға және оның орнын ауыстыруға құқығы жоқтығын» алға тартып, оны сотқа берді.

Сот шешімін орындау үшін және тақтаны орнына іліп қою үшін жапсарлас құрылысты бұзуға тура келеді. Қор басшысы ортақ келісімге келу үшін кәсіпкерге екі қабатты мұражай салып беруді ұсынды. Тақтаны басқа көрнекті орынға ілсе, оның айналасын тұтастай абаттандыруға дайынбыз. Бұл ретте екі тарап та зардап шекпес еді, — дейді жеке кәсіпкерліктің өкілі.

Рустам Жүрсінов бұл мәселені шешуге өзі араласатынын, Жоғарғы Соттың және Бас прокурордың атына осы істің мән-жайын объективті және жан-жақты зерделеп, заңды шешім қабылдау туралы хат жіберілетінін айтты.

Ақтөбе облысы Заң кеңесшілері палатасының мүшесі Ренат Иманалин жергілікті бизнес өкілдерінің салық салуға қатысты проблемалық мәселелері бар екендігін баяндады. Оның айтуынша, өзінің көлік паркін жаңарту мақсатында ел аумағына көлік әкелген тасымалдау қызметімен айналысатын жеке кәсіпкерлерге салық салуға қатысты заңсыз хабарламалар келіпті. Онда «Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңының 57-4-бабы талаптарына сәйкес сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру бойынша жеке кәсіпкерлікпен айналысу салық төлеуден босатылмайтыны туралы айтылған. Десек те заңда да, салық, кеден кодекстерінде де «сыртқы экономикалық қызмет» деген ұғымға нелер жататыны айтылмаған. Р.Иманалиннің бұл сөзіне жауап берген бизнес-омбудсмен

аталған мәселеге қатысты ішкі тексеріс жүргізу үшін барлық фактілер жинақталып Қаржы министрлігіне жіберілетінін айтты.

Жеке қабылдаулар кезінде өңірлердегі дизель отынын сату бағасының әртүрлі болуы, агроөнеркәсіптік кешенде несиелерді сақтандыру, сондай-ақ балалардың жекелеген санаттары үшін мектепте тегін тамақтандыру құнын ұлғайту және т.б. мәселелер көтрілді. Рустам Жүрсінов айтылған мәселелердің түйінін шешуге барынша көмек көрсетілетінін айтты. Жергілікті жерде шешілетін мәселелер өңірлік кәсіпкерлер палатасының бақылауына алынды.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button