Басты жаңалықтарЖеңіс

Отансүйгіштікке тәрбиелеу Әлия ауылынан басталады

Биыл Жеңіске — 77, ал Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 97 жыл толады. Әлия туралы деректерді зерделесек, батырдың өмірі мен ерлігіне қатысты жазылмаған, айтылмаған ештеңе қалмаған сияқты. Дегенмен қысқа ғұмырында қайталанбас ерліктің үлгісін жасап, өшпес із қалдырып кеткен батыр қыз туралы қанша айтсақ та артық болмас.

Біз бұл жолы батыр қыздың туған жеріне барып, Әлия ауылындағы патриоттық орталықта, музейде және батырдың туған ауылы Бұлақтағы былтыр ашылған музей-үйінде болып қайттық. Қобда ауданындағы Бұлақ округіне қарасты Әлия мен Бұлақ ауылдарының бүгінгі тыныс-тіршілігін де білген едік…

Жыл сайын Жеңіс күні жақындағанда жұрт лек-легімен Әлия ауылындағы облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығына қарай ағылады. Әлияның кіндік қаны тамған Бұлақ ауылына барады. Аталған орталықтың директоры Бағдаш Төпенованың айтуынша, облыс тұрғындары орталыққа тек қана атаулы күндерде ғана емес, жыл бойы келеді, әскери-патриоттық, тарихи-танымдық іс-шараларға қатысып, музейді аралайды.

— Орталықта 15 орындық жатын бөлме бар. Ел ішінде індет өршіген тұста келушілер де бұрынғыдай қона жатпайтын болды. Оған дейін Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мерейтойлары республикалық деңгейде аталып өтті. Облыс орталығындағы халықаралық әуежай да Әлияның есімімен аталады. Атырау әуежайы Хиуаз Доспанованың есімімен аталып жүрсе, биыл Орал әуежайына Мәншүк Мәметованың есімі берілді. Біз олардың есімін «Үш жұлдызы қазақтың» деп үнемі дәріптеп отырамыз. Үш батырдың арқасында үш облыс бірігіп, үлкен бір шара ұйымдастыру жоспарда бар. «Әлия» орталығы тек Әлияны ғана емес, барлық батырды насихаттайды. Қобда ауданынан 8 Кеңес Одағының Батыры шықты. Олардың ерлігін ұлықтауға арналған шаралардың өскелең ұрпақтың бойында елжандылық, отансүйгіштік сезімін қалыптастырудағы орны ерекше. Мәселен, енді облыстық білім басқармасымен бірлесіп Қобдадан шыққан Кеңес Одағының Батыры Михаил Прохоровтың туғанына 105 жыл толуына орай әскери-патриоттық слет өткізгелі жатырмыз. Оған Темір, Байғанин, Алға, Ойыл, Қобда аудандарынан және Ақтөбедегі Бауыржан Момышұлы атындағы патриоттық клубтың мүшелерінен құралған командалар келетін болды, — деді Бағдаш Төпенова. Одан соң Әлия мұражайын аралатып, орталықтың ауласын көрсетті. Шие ағаштары гүлдеп жатыр. Жас шыршалар да саябақ сәнін келтіріп тұр.

— Былтыр үш шыршаны ауыл тұрғыны Орман Үдербаев берді. Ал мына жас шыршаларды бұрынғы ауыл әкімі Жантөре Жаңабергенұлы әкеп берген болатын. Шыршаларды бір жерден екінші жерге тасымалдау қиын шаруа екен. Тамырына жабысқан топырағымен қоса әкеліп ектік. Жерсініп, күш алып кеткенше ерекше күтім жасау қажет. Қазір де қояндар жеп кетпесін деп ағаштан арнайы жабынды жасатып қойдым. Әсіресе қыстыгүні сонымен жауып қоямын, — дейді өзі еккен шыршаларды көрсетіп.

Батырлардың ізі қалған шежірелі өлке тарихы аудан қонақтарын ерекше қызықтыратынға ұқсайды. Себебі музейге келушілердің қарасы көп. Біз барғанда «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында Қобдадан, Қоғалыдан, Жиренқопа ауылдарынан келген мұғалімдер мен оқушылар музей аралап жүр екен. Қобдадағы Қобыланды батыр атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жанар Әбішева:

— «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығына жиі келіп тұрамыз. Осы жолы 9-сынып оқушыларын алып келдік. Біз тек музейді аралап көруге ғана келмейміз, спорттық-патриоттық шараларға белсене қатысамыз. Мергендер сайысында біздің мектептің оқушысы Махаббат Харченко жүлдегер атанды. Хиуаз Доспановаға арналған шарада оқушымыз Наталья Смирнованың жазған шығармасы үздік деп танылды. Екі жыл бұрын ұстаздар арасында өткен облыстық мергендер сайысында орыс тілі пәні мұғалімі Гүлайым Өтеміс бас жүлдені жеңіп алған болатын. Мектеп директоры Гүлбарам Балғаринаның қолдауымен тарихи-танымдық, патриоттық шаралардан қалмауға тырысамыз, — деді.

Әлия ауылынан 110 шақырымдай жерде орналасқан Қоғалы ауылындағы Қобыланды негізгі мектебінің оқушылары да келіпті. Балаларды бастап келген орыс тілі пәні мұғалімі Баршагүл Дәулетова осы топтан кейін мұнда бастауыштың оқушылары келетінін жеткізді.

Бұлақтағы музей-үйде

Былтыр Бұлақ ауылында қазақтың Батыр қызы Әлия Молдағұлованың музей-үйі ашылды. Бұл жерге бізді бастап барған Бағдаш Төпенованың айтуынша, «Қос шынар» — Әлия, Мәншүк атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалымжан Байдербестің бастамасы бойынша ашылған батырдың музей-үйінің ерекшелігі көп. Таратып айтсақ, музей-үй Әлияның кіндік қаны тамған жерден ашылған. Бұрын батыр тұрған үй құлап қалып, тап сол жерге кәсіпкер Сүйін Жолдас өз қаражатына екі бөлмелі үй салып беріпті.

Жәдігерлерді Ғалымжан Байдербес пен Бағдаш Төпенова екеуі жинақтап, игілікті іске Қобда ауданының әкімі Болат Құлов көп көмектесіпті.

Музей-үйдің қабырғасына ілінген суреттер «Әлияның отбасы», «Әлияның туыстары» деп топтастырылған. Батырға қатысы бар, осы ауылда өсіп-өнген әулеттердің өкілдері туралы да ақпараттарды көрдік. Мәскеуден, Ленинградтан, Әлия үш ай оқыған Вятское ауылындағы мектептен, яғни Әлияның жүріп өткен жолымен жасалған сапарлардан әкелінген құжаттар да бар.

— Мұндай жәдігерлер Әлияның басқа музейлерінің бірде-бірінде жоқ. Біз Ақтөбедегі және Әлия ауылындағы музейдің деректерін қайталамайық деп, мұнда Әлияның әке-шешесінің, бүгінге дейін ешбір жерде көрсетілмеген басқа да туыстарының суреттерін топтастыруды жөн көрдік. Әлияның әкесінің де, анасының да бірде-бір суреті сақталмаған. Оларды образды түрде суретші Бақыткерей Жапаров салып берді. Әбубәкір Молдағұловтың бір әңгімесіне сүйеніп, туыстарының түр-әлпеттеріне қарап салынған, — дейді Бағдаш Төпенова. Одан соң Бұлақ ауылына арнайы келген жас мамандарға — полиция қызметкерлеріне музей-үйдің екі бөлмесіндегі деректерді таныстырып өтті.

Ақтөбе қаласы полиция басқармасының кадр саясаты жөніндегі аға инспекторы Құралай Әбдірахманова:

— Оқуды енді ғана аяқтап, алдағы күндері қызметке кіріскелі тұрған жас мамандарды алып келдік. Жұмысқа кіріспес бұрын олардың Әлия туған ауылында болып, музейді көріп, патриоттық-тәрбиелік шараларға қатысқанын жөн санадық, — дейді.

Музей-үйдің екінші бөлмесі соғыс кезіндегі жертөлеге ұқсас жабдықталған. Ортада үстел тұр, оның үстіне мандалин, гармонь аспаптары қойылған. Бір бұрышта жауынгердің каскасы мен суға арналған құтысы, пластинка ойнататын ескі  патефон тұр.

Көшіп келушілер көбейген

Бұлақ ауылдық округінің құрамында екі ауыл бар. Олар: Бұлақ пен Әлия. Бүгінде округте барлығы 1118 адам тұрып жатыр. Екі ауылдағы 204 ауланың бәрінде де мал бар. Округтегі 44 шаруа қожалығы төрт түлік өсіріп, мал шаруашылығымен айналысып отыр. Бұл туралы бізге округ әкімі Армат Есибеков айтты.

Бір жылдары небәрі он бес шақты үй қалған Бұлақ ауылы қайтадан жанданып, бой көтеріп келеді. Көшіп келушілер саны да артқан. Армат Есибековтің айтуынша, былтыр бұл ауылға сырттан 6 отбасы көшіп келді. Мұғалжар ауданынан, тіпті көрші Ақтау қаласынан да келгендер бар екен. Округ әкімі күні кеше ғана 4-5 отбасы үй сұрап келіп кеткенін айтып отыр. Бүгінде бұйығы жатқан ауылдағы үй саны елуге жуықтапты. Бұлақтағы тоғыз жылдық мектепте 26 оқушы білім алып жүр.

Бұлақтағы батырдың музей-үйін көруге барғандардың бәрі де ауылға кіреберіс автомобиль жолының қайта салынып, асфальт төселгеніне дән риза. 2019 жылы құрылысы басталған осы жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 600,0 миллион теңге бөлінді. Жолды «АссанаДорСтрой» компаниясы салыпты.

Ал Әлия ауылында ауыл клубы, мектеп, балабақша, мешіт, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындары Әлия орта мектебінде оқып жатқан 187 оқушыға мектептің тарлық етіп тұрғанын айтады.

Орманның мақсаты

Әлия ауылында тұратын Орман-Армангүл Үдербаевтардың республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде «Қара шаңырақ» номинациясына ие болғанын «Ақтөбе» газетіне жазғанбыз. Қара шаңырақтың ауласында қоюшы-режиссер Марат Телеуовтің «Бір түп алма ағашы» фильмі түсірілгенін біреу білсе, біреу білмес.

— Марқұм әкем Мерғали Үдербаев — Ұлы Отан соғысының ардагері. Бірнеше орден-медальдың иегері. Әкеміз «Әлия» ұжымшарының құрылуына атсалысқан белсенділердің бірі болды. Біз отырған қара шаңырақты әкем 1970 жылдары тұрғызды. Сегіз баланың кенжесімін. Әкем жүрген жерінен қарағай, шырша ағаштарының тұқымын әкеліп, өзі егіп, күтіп-баптады. Ол кезде біз баламыз. Бүгінде әкем еккен шырша мен қарағайлар саялы бәйтерекке айналып тұр, көз алдымызда бой көтерген ағаштарға жарты ғасырдай болыпты. Әкеміз зейнетке шыққан соң да ауылымыздағы қазіргі «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының, бұрынғы Мәдениет үйінің ауласына да өз қолымен біраз ағаштар екті. Біз де әкемнің иігілікті ісін жалғастырып, ауылды жасыл желекке айналдыруға, көркейтуге үлес қосып келеміз, — дейді Орман Мерғалиұлы. Одан әрі ол үйінің ауласында кино түсірілгенін мақтанышпен жеткізді.

— Қызық болды, кино түсіретін шығармашыл топ үй аралап, ыңғайлы аула іздеп жүр екен. Біздің аулада әкем еккеннен қалған бір түп алма ағашы болатын. Түсіру тобы соны көріп, қуанып кетті. Сол жылы ұлымыз үйленеді деп тойға дайындалып жатқанбыз. Тез біте ме десек, фильм түсіру екі айға жалғасты. Киноға түскен өнерлі қыз-жігіттердің де көмегі тиіп кетті, тойды да ойдағыдай өткіздік. Бірде түсіру тобы басқа жерге кетіп қалды, олар қайтып келгенше ауланы реттеп қояйық деп, тазалық жұмыстарын жүргізіп, жылан жалағандай еттік. Режиссер бастаған топ күліп жатыр, еңбегіміз зая кетті деп. Қойып кеткен заттарына тиіспеуіміз керек екен ғой. Содан бәрін қайта дайындап, қайта түсіргені бар, — дейді Орман Үдербаев.

Ерлі-зайыптылардың екеуі де мектепте мұғалім, отбасында үш бала тәрбиелеп өсірді. Орман Мерғалиұлы алдағы уақытта өзі тұрып жатқан әкесінің атын иеленген көше бойына шырша, қарағайлар егіп, жасыл желекке айналдырмақ.

P.S. «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы 2005 жылы Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойы аясында ашылған болатын. Бұл — бұрынғы ауылдық Мәдениет үйінің ғимараты. Ашылғаннан бері тек бір рет қана ағымдағы жөндеуден өткен орталықтың бүгінде күйі кетіп тұр. Күн сайын сан мәрте келушілерді қабылдайтын орталыққа күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңартылса екен дейді тұрғындар. Үш жылдан соң Әлияның 100 жылдығы тойланбақ.

Бұл тойға ауыл тұрғындары қазірден бастап дайындалып жатыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button