Білім

Жас географ

Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Бейхан Мұқанов — көптеген білім бәйгелерінде топ жарып жүрген жастардың бірі.

Жақында ол Канададағы Calgary университетіне оқуға түсуге жолдама алды.

Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік Бейхан алған терең білімін жан-жақты жетілдіріп, додалы сайыстарда дәлелдеп келеді. Былтыр география пәнінен республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы атанып, Қазақстанның ұлттық құрамасы қатарына енді. Бұл құрамаға еліміздің түкпір-түкпірінен 4 оқушы ғана іріктелді.

Сондай-ақ ол бұған дейін Павлодар қаласында өткен Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық олимпиададан қола медаль иеленді.

— Әр пәннің өзіндік ерекшелігі бар. Соның ішінде география пәні жаныма жақын. Себебі әлем елдерінің тарихы мен географиясын зерттеуге қызығушылық туды. Бұл пәнде деректер өте көп. Барлығын есте сақтау оңай емес. Тек мектеп бағдарламасындағы оқулықтармен шектеліп қалмаймын, әлемдік әдебиеттерді де оқимын. Жай ғана ғаламтордың өзінен әлем географиясы туралы көптеген тың мәліметтер алуға болады, — дейді Бейхан.

Дарынды оқушы жуырда өткен облыстық пәндік олимпиаданың жеңімпазы болды. Қазір республикалық додаға тыңғылықты дайындық үстінде. Бұл ретте білімді шәкірт жетістікке жетуіне себепші болған ұстаздарына дән риза. Болашақта қаржыгер мамандығын таңдап отыр. Оқуын аяқтаған соң Канададағы Calgary уиверситетінде білім алмақ.

— Шетелде білім алудың артықшылықтары көп деп есептеймін. Ең алдымен, адамның таным көкжиегін кеңейтеді. Білім алумен қатар, сол елдің мәдениетімен етене танысып, өз жеріңмен салыстыра қарайсың. Өзге елдің даму үрдісін байқап, тәжірибе жинақтайсың, көптеген жаңа таныстар табасың, дейді ол.

Бейхан бос уақытында баскетболмен шұғылданып, кітап оқиды.  Болашақта шетелден алған білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсап, қаржы, экономика саласына өз үлесін қосуды мақсат тұтып отыр.

— Лицейге келген әр баланы бейіміне, таңдаған мамандығына қарай іріктеп, бір пәнге бағыттаймыз. Әр баланың өзіне тән ерекше қасиеті болады.  Бейхан — өте зерек оқушыларымның бірі. 8-сыныптан бастап республикалық олимпиадаларға қатысып, мерейімізді үстем етіп жүр. Осы қалпынан танбаса, биік белестерді бағындырады деген сенімдеміз.

Өз Отанын әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына қосу — білікті, иманды, саналы ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарға зор үміт артамыз, — дейді Бейханның ұстазы, география пәнінің мұғалімі Санзира Қалбек.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button