Экономика

Өңірде 39 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады

2025 жылға қарай облыста жалпы құны 1,7 триллион теңгеге 92 жоба іске асырылады.

Бұл туралы депутаттарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары туралы баяндамасында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева хабарлады.

Облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында басқарма басшысы өңірді дамытудың 6 негізгі бағытын қамтитын жоспарда жалпы құны 1,7 трлн теңгеге 92 іс-шараны іске асыру көзделгенін жеткізді. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен — 343,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен — 165,6 млрд теңге, жеке инвестициялар есебінен 1,2 трлн теңге бөлінбек.

Оған халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп балалы отбасылар үшін тұрғын үй салу, денсаулық сақтау, білім беру нысандарын жаңғырту сияқты әлеуметтік маңызы бар жобалар кіреді.

2022 жылы, кешенді жоспарға сәйкес, республикалық бюджеттен бөлінген 56,7 млрд теңгеге қаржыландырылатын жобаларды іске асыру жоспарланған.

Жергілікті бюджет есебінен биыл 19,7 миллиард теңгеге жобаларды іске асыру жоспарланған, оның ішінде бүгінге дейін 14,6 миллиард теңге бөлінген, қалған 5,1 миллиард теңгені жақын арада бюджетті нақтылауда қарастыру жоспарланып отыр, — деді Гүлқасима Сүйінтаева.

Аталған іс-шаралар кешенін іске асыру облыста 39 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл қаржы нормативтік жағдайдағы жолдар үлесінің 66 пайыздан 95 пайызға дейін артуына және 2025 жылға қарай облыстың экономикалық көрсеткіштерінің 30 пайызға өсуіне ықпал ететін болады.

Депутаттар ақпаратты талқылап, басқарма басшысына бірқатар сұрақтар қойып, тиісті қаулы шығарды.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button