Білім

Қалдырған ізі мәңгілік…

Өмір дегенің тоқтамайтын ұлы керуен. Сарқылмайтын алып дария. Мұнда талай пенденің салып кеткен сара жолы бар. Көнермейтін көркем ісі бар.

Ауыл мұғалімі, бір мектепте тапжылмай қырық жылдай қызмет еткен ТөлеуЖетесов сондай бір ерекше ұстаз болатын. 

Ол әкесі Жетес туралы«ескі шежіре жырларды өте көп білетін,  домбырашы, жыршы адам еді, іске шебер тігінші, етікші болған» деп әңгімесін айтып, сол кісіденестіген көптеген жырларды құлағына сіңіріп, жаттап өскенін мақтан етіп отыратын. Анасы Ұлсарының ұлағатын да ұмытпай, ретті жерінде ойға алатын.

1952 жылы Шалқар қалалық қазақ орта мектебін бітірген жасөспірім Төлеу Орал педагогикалық институтына қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша  оқуға түседі. Қолына диплом алған соң Қостанай облысындағы Тобыл қаласында ұстаздық еңбек жолын бастайды. Кейіннен елге келіп, Ырғыз ауданының Калинин сегізжылдық мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырады.

Ол кезде Төлеу ағай жалындаған жас жігіт болатын. Мен ұстазымды сол мезеттен біліп өстім. Кейіннен Қарасай сеізжылдық мектебінде жұмысын жалғастырып, бір жерде қырық жылдай еңбек етті. Ол өз қызметінде талантты, ойшыл,  шығармашыл жан ретінде танылды. Мектепте оқу ісінің меңгерушісі, партия ұйымының жетекшісі, мектепішілік қоғамдық іс-шаралардың ұйытқысы болды.

Уақытты қолмен ұстап тұра алмайсың. Оның үстіне өз қатары секілді Төлеу ағамыз да соғыс дəуірімен жағаласа туған, алдындағы оқ көріп, от кешкен майдангерлердің қолына су құйып, тəлімін көріп өсті.  Асықпай, айшықтап сөйлейтін білімдар жігіттің биязы мінезі мен дəлелді пікірлеріне əріптестері үнемі ден қоятын. Төлеу ағайдың зиялылығы, қарапайымдылығы, мейірімділігі, қамқорлығы Қарасай ауылына үлгі болды. Шәкірттеріне әдебиетті жанындай сүйіп оқытқан Төлеу ағайдыңшешендік,  ойлылық, рақымшылық, аяушылық, халыққа деген жанашушылық негізгі ұстанымы сияқты көрінетін. Ол, біздің білуімізде, жастайынан терең білім алып, аянбай еңбек етіп, еліне адал қызмет еткен адам. Оның алдынан дәріс алған оқушылары қазіргі таңда әртүрлі жоғары қызметтерде абырой биігінен көрінуде. Шәкірттері Хамит Өтеуов, Кеулімжай Алдабергенов, Еламан Байғожин, Күлшат Жұбаниязова, БалаусаЖансүгірова және басқалары ұстаздарын мақтанышпен әрі құрметпен еске алады.

Ескі жырларды, ауыз әдебиеті үлгілерін, Абай, Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов, Батақтың Сарысы, Кердері Әбубәкір, Мінкен жыраудың жырларын,  өлеңдерін, қисса-дастандарын жатқа айтып, домбырада орындайтын, өзі де шығармашылыққа жақын  болды, газет-журналдарға мақала жазып, өлең де шығаратын.

Дүниеден өткеніне он жыл болған осындай ел азаматыныңөнегелі еңбегін, адамгершілігі мен асыл қасиеттерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтып жүру оның көзін көрген, қадір-қасиетін білетінбіздің парызымыз.

«Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» дегендей,адами қасиеті жоғары тұлғаларды халқымыз қызыл тілдің қуаты жеткенше мадақтап, ұл-қыздарына өсиет еткен ғой.Төлеу ағайдың еліміздің келешек ұрпақтарын тəрбиелеуге қосқан үлесі зор, ол осы тұрғыдан өнеге етуге тұрарлық азаматтарымыздың бірегейі. Көркем əдебиетті жанындай жақсы көрген ол оның қадір-қасиетін, тəрбиелік мəнін, кітаптың маңызын өз шəкірттерінің жүрегімен сезінуіне ықпал етті.

Кешегі бір кезеңдерде елдің əдеби шығармаларға құштарлығы керемет еді. Бұған өз ісіне шын берілген талантты педагогтердің əсері де мол  еді, солардың қатарында Төлеу ағай да болды. Ол ғасырлар бойғы қалыптасқан ұлттық тəрбие, əдет-ғұрып,  жұмбақ, айтыс өнері, жыр-дастандарды, ертегілерді тəлімдік материал ретінде шебер пайдаланып, оқушылардың азаматтық ой-өрісі мен болмысын дамытып, шәкірттерінің дүниетанымын  ұлттық нақышта шебер қалыптастыра білді.

Ол кісінің тағы бір ерекшелігі — ағайын-туыс арасында өте сыйлы, беделді болды. Жан-жағының үлкендерін аға-апа, кішілерін іні-қарындас қылып бауырына тартатын. Тұрлауы беймəлімдеу жалған дүниеде адам тек ұрпағына үміт артады. Жұртына қадірлі, қатардағы ұстаз бола жүріп, балаларына жақсылықтың дəнегін көктетіп, ізгіліктің ізін қалдырды.

Өмірлік қосағы,білім беру ісінің үздігіАлма Мұханбетпайызқызымен жұптасып жүріп, бақытты ғұмыр кешті. Жалғыз қарындасы Қымбат  аға жолын қуып  Орал педагогикалық институтынан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алды. Ол жұбайы Қалманмен жарасты ғұмыр түзеді.

Ұлсары әжеміз немерелерін бауырына басып, тәлім-тәрбие беріп өсірді. Төлеу ағамыз  балаларын адамгершілікке, адалдыққа, буырмалдылыққа тәрбиеледі. Ол «Ақылың — қазығың, білімің азығың болсын»  деп жиі айтатын еді. Ұстазымыз балаларының жағдайын ойлап, 1994 жылы Қарасайдан қалаға көшіп келді. Ата-ана жолын қуған қыздары Кәбира мұғалім болып, зейнет демалысына шықты,  Алуа — тіл маманы, Ақтөбе заң институтында қызмет атқарады. Айнұр мен Айгүл — бастауыш сынып мұғалімдері. Немересі Әсемгүл мектепте психолог.

Балалары Өмірзақ, Сәрсен, Ерболат, Бекболат әртүрлі өндіріс салаларында абыройлы жұмыс жасайды. Бекболаты — қара шаңырақтың иесі. Дүйсені  Ақтөбе заң институтында бөлім бастығы. Немерелері Жасұлан мен Ару — бизнес саласында.  Нұрлан мен Қуаныш ішкі істер органында қызмет жасайды. Баянды —денсаулық сақтау қызметінде, Жазира — студент,  болашақ дәрігер, Ерке — мектеп оқушысы.

Төлеу ағай —ұстаздықта еңбегі жанған жанның бірі.Ауыл балаларына бергенөнер-білімін, тəрбиесін ел ұмытпайды. «Қалдырған ізің мәңгілік» деген теңеу де біздің асыл ұстазымызға арнап айтылғандай…

 Қуаныш АЙТҚҰЛОВ,

білім беру ісінің үздігі.

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button