Пікір

Қоғамдық бақылау сапаны күшейтеді

Тельман МАЛАЕВ,

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы»

 Ақтөбе облыстық филиалының директоры.

—Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауы көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын. Себебі биылғы Жолдау өте мазмұнды болды, онда елдің ертеңіне сөзсіз оң әсер ететін нақты міндеттер айтылды. Қазақстандықтар осыны көптен күтті.

Біздің орталықтың жұмысына, жалпы жолшылардың қызметіне қоғамда жақсы да, жаман да пікір көп айтылады. Жол тегіс болса, халық құрылысшылар мен «коммуналшыларды» мақтайды, ой-шұңқыры болса сынап жатады. «Сын айтылмай, мін түзелмейді» демекші, бүгінгі күні қай салада болса да кеткен кемшіліктерді дәлелмен, дәйекпен көрсететін қоғам белсенділері екені сөзсіз. Біздің мекеме жол құрылысының сапасын тексерумен айналысады. Осы орайда мамандарымыз тексеруге шыққан кезде бақылауға тұрғындардың да, қоғам белсенділерінің де араласқанын қалаймыз. Себебі кемшілігі болса себеп-салдарын көздерімен көрсе, сапасын бақылауда ашықтық болса дейміз.

Тек жол ғана емес, басқа да салалардағы мәселелер белгілі бір өңір, не аймақтың айналасында айтылып қалмай, республика деңгейіне жетсе құба-құп болар еді. Оған ендігі уақытта, Мемлекет басшысы айтқандай, құрылтай мүшелері себепші болары анық. Оның құрамына барлық облыстардан қоғам белсенділері көптеп тартылатыны айтылды. Бұл қоғам мен билік арасын байланыстыруға үлкен серпін береді деп ойлаймын.

Кез келген жұмыста сенім мен жанашырлық болмаса, дұрыс нәтиже шықпайтыны анық. Сондықтан Президентіміз айтқан бастамаларды жүзеге асыруда ел болып жұмыла еңбек етуіміз керек. Біз, жолшылар, Мемлекет басшысының реформаларын қолдай отырып, өз үлесімізді қосуға дайынбыз!

Басқа жаңалықтар

Back to top button