Білім

Шетелдік университеттер шақырған дарын

Ақтөбелік Нұрсұлтан Сейтжаппаровты әлемнің үш бірдей үздік университеті оқуға қабылдауға дайын. Жақында Нұрсұлтанға Нидерланд еліндегі Амстердам университеті және Германиядағы қос бірдей жоғары оқу орны — Қолданбалы ғылымдар бойынша Еуропа университеті мен Қолданбалы ғылымдар бойынша халықаралық университеті оқуға қабылдау туралы сертификаттарын табыс етті.

Нұрсұлтан Сейтжаппаров — Ақтөбе қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.

Әлемнің озық жоғары оқу орындарына түсу үшін 10-сыныптан бері дайындалдым. Әр оқу орнының өзіндік талаптары бар. Талаптары өте көп. Солардың бірі — ағылшын тілін жетік меңгеру. Үміткердің оқу үлгерімінің жақсы болуы да басты шарттардың бірі.  Сондай-ақ волонтерлік қызмет, спорттағы жетістіктерге де басымдық беріледі.

Ағылшын тілін жетік білемін. Ақтөбедегі American Corner Aktobe орталығында волонтерлік қызмет жасап, келушілерге ағылшын тілін үйретемін. Спорттан да біраз жетістігім бар. Әсіресе баскетбол ойнағанды ұнатамын. Үздік аттестатқа үміткермін. Құжат дайындау — ұзақ процесс. Ол үшін лицейдегі ұстаздарым көмектесті, — дейді Нұрсұлтан.

Зерек оқушы жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқығанды жақсы көреді. Әсіресе есеп шығарғанды жаны сүйеді. Сол себепті де осы пәнмен байланысты  қаржы мамандығын таңдапты.

Үш оқу орны да мықты университеттер. Әсіресе Нидерланд еліндегі Амстердам университеті әлемдегі ең үздік оқу орындарының арасында 55-орынға ие. Дегенмен Германияда оқығанды жөн көріп отырмын. Қолданбалы ғылымдар бойынша Еуропа университетін таңдадым. Магистратураны Швейцарияда оқып, елге оралып, қаржы саласындағы ірі мекемеде жұмыс жасағым келеді, — дейді Нұрсұлтан.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button