Экономика

Жаңа жоба — «кәсіпкер сағаты»

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, соңғы жылдары кәсіпкерлерге қолдау күшейіп келеді. Мораторий енгізілгеннен бөлек, оларға құқықтық кеңес, бизнес-жоспарды құру, т.б. жағынан сала мамандары демеу көрсетіп жүр. Биылдан бастап қолға алынған «Кәсіпкер сағаты» жобасы да осы мақсатты көздейді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында іске қосылған жоба іскер азаматтарды қолдауға бағытталған. Айына екі рет, сейсенбі күндері ұйымдастырылатын шара барысында жер қатынастарының проблемалық мәселелері бойынша қабылдау жүргізіліп, кеңес беріледі. Алғашқы қабылдау сейсенбі күні өткізілді.

— Біз кәсіпкерлерге екі аптада бір рет жер қатынастары бөлімінің өкілдерімен кездесіп, кеңес алу немесе өтініш қалдыру мүмкіндігін ұсынамыз. Өйткені тап осы құзырлы орган өкілдеріне сұрақтар көп түседі. Олардың қабылдауына жазылып, кезек күткенше осы ыңғайлы болады деген шешімге келдік. Өз тарапымыздан да белгілі бір мәселелердің тез шешілуіне ықпалымызды тигізуге тырысатын боламыз, — деген өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов бұл жолы келушілердің сұрақтарына Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ислам Ізбасқановтың өзі жауап беретінін айтты.

Қабылдауға онға жуық кәсіпкер жазылған. Олар жерді сату, құрылыс нысанының мақсатын өзгерту, ауыл шаруашылығы жерлерін байқау арқылы сатып алу, бизнесті дамыту үшін қосымша жер бөлу, басқа да мәселелер бойынша жүгінді. Айталық, жеке кәсіпкер Гүлсара Ермекқарина Есет батыр шағын ауданында батут орталығын салу үшін жерді қалай ала алатынын білгісі келді.

«Өзім сол шағын ауданда тұрамын. Біздің жақта көңіл көтеру орталығы да, балалар ойнайтын жер де жоқ. Ойлана келе, кішкентайларға арналған батут орталығын ашуға бекіндім. Осы мақсатта 1,5 мың шаршы метр жерді қалай алу керектігі жөнінде мамандармен кеңесуге келгенмін. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы жаңа жоба туралы естіп, қабылдауға жазылдым», — деді Гүлсара.

Қалалық әкімдіктің бөлім басшысы аталған идеяның жақсы екенін айтып, ол үшін алдымен аукционға қатысу керектігін, бұл үшін gosreestr.kz порталы арқылы онлайн ұсыныс жіберуді ұсынды. Артынша қызметтің жай-жапсарын түсіндірді.

Ал Берік Байтасов өзінің «Көжек» балабақшасын кеңейткісі келетінін айта келе, қосымша жер көлемін алу қалай іске асырылатынын сұрады. Бұл бойынша да сол бойда жауап берілді.

«Кәсіпкер сағаты» жобасына бейнебайланыс арқылы аудандардағы кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысты.

Айта кетейік, «Кәсіпкер сағатын» өткізу туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында хабарланатын болады. Анықтама телефоны: 8776-276-12-55.

 А.ТАСҚАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button