Қыш-құмыра жасаудың қыр-сыры
Саз балшықтан шыр айналдырып ыдыс жасап отырған шеберді теледидардан немесе қаладағы қолөнер жәрмеңкелерінен көріп қалсақ, қызығушылық танытып, таңданыспен қарайтынымыз рас. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз саз балшықтан түрлі бұйымдар жасап жүрген ақтөбелік мүсінші әрі қыш шебері — Орынбасар Төлегенов.
Халқымыз қыш өнерін ертеден жақсы меңгерген. Бұрын қыш ыдыстар тұрмыста пайдаланылса, қазір олар әдемілікке, кәдесый ретінде тарту етіліп жүр. Орынбасар Төлегенов — атадан мирас болып қалған төл өнерімізді жаңғыртып жүргендердің бірі. Қыштан түрлі құмыралар, ертегі кейіпкерлері мен жануарлардың бейнесін, бабалар тұтынған дүниелердің үлгілерін жасайды.
— 15 жасымнан бастап қолөнермен айналысып келемін. Төрт жыл безендіру мамандығын, кейін Өзбекстандағы ұлттық кескіндеме және дизайн инситутын бітірдім. Әкем Жақсыбай Төлегенов — белгілі мүсінші. Қаламыздағы бірқатар ескерткіштердің авторы. Осы өнерге келуіме бірден-бір себепші болған, ең алғашқы ұстазым да әкем. Өткен жылы Ақтөбе қаласында Төлеген Айбергеновтің, Әйтеке би ауданында Темірбек Жүргеновтің әкем екеуміз жасаған ескерткіш-бюсттері орнатылды.
Бұл — көз майын тауысып істейтін жұмыс. Оның өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Қыштан бұйымдар жасау үшін жергілікті балшықты пайдаланамын. Алдымен зерттеп, қоспаларын қосамын. Бұдан соң жібітіп, кептіріп, сүзгіден өткіземін. Ішінде артық заттар болмауы керек. Жасап шығарғаннан кейін 900 градус пеште қыздырамын. Негізінен, саз-балшықпен жұмыс істеу үшін саздан бөлек кесіп-түзетуге қажетті құрал-жабдықтар керек.
Ұлттық мереке қарсаңында түрлі кәдесыйларға тапсырыс көп түседі, — дейді шебер.
Орынбасар Төлегенов — қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі. Көптеген көрме, жәрмеңкелерге жиі қатысып тұрады. 2017 жылы облыстағы «Үздік суретші», былтыр «Үздік музей қызметкері» номинациялары бойынша марапатталған. Шетелде шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасып тұрады. Сөз соңында көнеден жеткен мұраны жалғастырып жүрген қолөнер шеберінің кәсібіне сәттілік тілейміз.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.