Мәселе

Аялдама аязда пана бола ма?

Ақтөбе қаласындағы кейбір аялдамалардың жағдайы көңіл көншітпейді. Тұрғындар күн суытса, желдің өтінде, аптап ыстықта шақырайған күннің астында тұруға мәжбүр. Тіпті кейбір жерлерде аялдама атымен жоқ.

Осы  орайда біз қаладағы аялдамалар жайын біліп, тұрғындармен тілдескен едік…

Биыл 40 аялдама салынбақ

Күн санап өсіп келе жатқан шаһар аумағында пайда болған жаңа шағын аудандар мен бірнеше елді мекеннің тұрғындары аялдаманың жоқтығынан күнге күйіп, суыққа тоңуға мәжбүр. Желдің өтінде тұрып, сағаттап автобус күтеді.

Аялдама павильондары аз мекеннің қатарында Нұр Ақтөбе шағын ауданы да бар. Мұндағы шағын аудандарды жалғайтын ұзын жолдың бойында автобус тоқтайтын бірнеше жер болғанымен, қоғамдық көлікті күткен жолаушыны ыстық пен суықтан қорғайтын жабдықталған аялдама жоқ. Ал қалашық аумағы жыл өткен сайын ұлғайып, тұрғындар саны да көбейіп келеді.

Дәл осындай мәселе қазір бірнеше елді мекенде де бар. Оның ішінде Жаңақоныс, Заречный және Қызылжар  ауылдарында да өзекті. Құзырлы орындарға талай өтініш айтқан тұрғындар биыл да тілектерінің орындалатынына үміттеніп отыр.

Бүгінде қала бойынша 375 аялдама павильоны бар. Келбеті мен пішіні әртүрлі. Көздің жауын алатын қанық түспен боялғандарын да, әйнекпен қапталғандарын да,  тек темірден жасалғандарын да кездестіруге болады. Ал тиісті талапқа сай жан-жағы қоршалған аялдамасы жоқ жерлердегі мәселенің қашан шешілетіні белгісіз. Жылы аялдамаларды салуға бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Сондықтан жергілікті билік мәселені кәсіпкерлер көмегімен шешпек. Жоспар толық жүзеге асқан жағдайда қаладағы барлық аялдама бір типті болмақ. Былтыр қалада 19 жылы аялдама салынған.

— Аялдама салуға бюджеттен қаражат бөлінбейді. Кәсіпкерлерге жер беріледі, олар бір жылдың  ішінде өз қаржысына салады. Белгіленген арнайы талаптар орындалған жағдайда, жерді жалға алу уақыты 20 жылға созылады.

Жалпы, аялдамалар арнайы үш типке бөлінеді. Олар бизнес жүргізуге қолайлы жерлерге орнатылады. Ішінде жазда кондиционер, қыста жылыту пеші жұмыс істейді. Аялдаманың ішіне бейнебақылау орнатылады, тазалығына кәсіпкерлердің өздері жауап береді. Тұрғындар тарапынан мәселелер туындаған жағдайда, әр аялдама ішінде көрсетілген байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады.

Биыл да қалалық жер қатынастары бөлімі аукцион жариялайды. Аукцион арқылы жер сатылатын болады. Хабарландыру жергілікті ресми баспасөзде жарияланады. Осы жылы тағы 40 жылы аялдама салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ пластик аялдамаларды жылы аялдамалармен ауыстыру қолға алынбақ, — дейді Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы Серікжан Баймұханов.

Оның айтуынша, аталған мекемеде арнайы мобильдік топ құрылған. Бұл тек аялдамалар жайын ғана емес, басқа да шағын және орта бизнес нысандарының құрылыс жұмыстарын, түнгі жарықтандыру, қар тазалау жұмыстарын да бақылайды. Күн сайын арнайы мониторинг жүргізіліп отырады.

Тұрғындар не дейді?

Біз қаланың ескі бөлігіндегі бірқатар жылы аялдамалардың жайын білу мақсатында аралап шыққан едік. Бағытымызды Орталық базар аумағындағы «Акация» аялдамасынан бастадық.  Бұл аялдамада тұрғындардың көп болатыны белігілі. Жылы аялдамада жылу жүйесі мардымсыз. Кіреберісіне тас жолы төселмегендіктен, іші балшыққа айналған. Тұрғындардың да көңілі толмайтынын байқадық.

Валентина ЖҰБАНАЗАРОВА, қала тұрғыны:

— Осылай автобус күтіп тұрғаныма көп болды. Аялдаманың ішінде 2-3 адамға ғана арналған шағын орындық қойылыпты. Бұл аздық етеді.  Қар ерігенде іші балшыққа айналып, тайғақ болады. Есіктен кірудің өзі мұң. Жастар жағы кірер, ал егде жастағыларға тіпті қиын. Себебі кіреберісінің табалдырығы биік, бұл жерге басқыш орнатылуы керек деп ойлаймын. Аялдаманың жанынан, жол жиегінен қақпа орнатылыпты. Бұл қоғамдық көліктердің қозғалысына да, аялдамаға келген адамдардың жүріп-тұруына да кедергі келтіреді. Бұл жерден барлық бағытқа автобус қатынайды. Сондықтан адам да көп жиналады. Аялдама халыққа қолайлы болуы керек емес пе?

 Бақыт ҚАЛИҰЛЫ, Заречный-2 елді мекенінің тұрғыны:

— Пушкин саябағы аялдамасы былтыр салынды. Іші таза әрі жайлы. Қабырғасына тәрбиелік мәні бар қанатты сөздер ілініпті.

Жалпы, қала ішіндегі аялдамаларда жүргіншілер үшін барлық жағдай жасалған. Ал елді мекендерге қашан көңіл бөлінеді? Мен өзім Заречный-2 елді мекенінде тұрамын. Қазір мұнда қоғамдық көлік қатынасы да, аялдама жайы да мәз емес. Жолдың екі жағында да аялдама атымен жоқ. Мысалы, біз Заречный-3 елді мекеніне амбулаторияға барамыз. Ол бағытқа тек №5 бағыттағы автобус жүреді. Бұл автобустың өзін кемінде бір сағаттай күтуге тура келеді. Себебі  2-3-ақ автобусқа қаратып қойған. Балалы аналар мен қарт адамдар да бар. Әсіресе қыс айында қиын. Көпшілігі ұзақ күте алмай, кетіп қалады. Себебі ықтап тұратын жер жоқ. Ал Заречный-4 елді мекеніне пластиктен жасалған ашық аялдама салынды. Оның да сапасы нашар.

Заречный-3 елді мекенінің тұсындағы бұрынғы «Алатау» аялдамасы да былтыр бұзылды. Бірақ бір жылдан бері салынған жоқ. Ол жерге қоғамдық көліктер тоқтамайды. Халықтың өзекті мәселелерінің бірі шешімін тапса дейміз…

 Айнұр ТӨРЕБЕКОВА, Қызылжар-3 ауылының тұрғыны:

Қызылжар-3 ауылында тұрамын. Таңертең балаларымызды мектепке жібереміз. Аялдама жоқ. Үлкен кісілер де жиі автобус күтіп тұратынын көріп жүрмін. Өзім де күнде қалаға қатынаймын. №23 бағыттағы автобусты ұзақ күтеміз. Қалаға жету үшін көп жағдайда таксиге мініп кетеміз. Таксимен жүруді бәрінің қалтасы көтермейтіні белгілі ғой.

Жылы аялдама халықтың көп жүретін, ұзақ уақыт күтуге тура келетін жиілігі алыс бағыттағы автобустар тоқтайтын нүктелерге салынуы керек.

P.S. Қала тұрғындары арасында аялдамалар жаңартыла бастаса, «әкім ауысып жатыр ма?» деген әзіл-шыны аралас әңгіме көп айтылып жүр… Осыдан бірнеше жыл бұрын  әйнектен жасалған аялдамалар жарты жылға жетпей жарамсыз болып қалды. Себебі мұндай аялдама жазда көлеңке не қыста ықтасын болып жарытпады.
Жылы аялдамалар — қала тұрғындары үшін ең қажетті дүниелердің бірі. Әсіресе қала маңындағы ауыл тұрғындары аялдама тұрғызылуына көңіл бөлініп, мәселенің оң шешімін тапқанын қалайды. Әйтпесе жаздың аптап ыстығында, қыстың қатты аязында жол бойындағы жолаушыға қиын-ақ…

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button