Экономика

Керамогранит зауыты өнімдерін шығара бастады

«ЗЕРДЕ-Керамика» компаниясы — еліміздегі керамика бұйымдарын шығаратын жалғыз кәсіпорын. Былтыр жыл аяғында аталған компания Ақтөбеде керамогранит шығаратын зауыт толық іске қосылып, жыл басынан өз өнімдерін шығара бастады. 

«ЗЕРДЕ-Керамика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ақтөбе қаласында керамогранит өндірісі бойынша салып жатқан зауыт құрылысын толық аяқтау үшін мемлекеттің қолдауына жүгінген болатын. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалы берген дерек бойынша аталған компанияның бұл жобасы «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ тарапынан қолдау тапқан. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша компания 14,5 пайызбен несие алған, оның 6% пайызын кәсіпкер өзі төлесе, қалғанын мемлекет субсидиялайды. Сонымен бірге «Даму» қоры кәсіпкер алған несиенің 50 пайызына тең көлемде кепілдік берді. Бұл кәсіпкерге өз жобасын толық жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.

— Зауыттың негізгі өнімдері – керамогранит, керамикалық плиткалар, керамикалық бұйымдар. Кәсіпорын бұйымдарды «MK-Ceramics» сауда белгісімен шығарады. Өндірістің жобалық қуаты — жылына 2 миллион шаршы метр. Өнімдердің сапасы еуропалық стандарттарға сәйкес, ал бағасы қолжетімді. Өндіріс негізінен импортты алмастыруға бағытталған. Өндіріске қажетті шикізат Түркия, Украина және Ресейден жеткізіледі. Былтыр жыл аяғында керамогранит өндірісі бойынша салып жатқан зауыт құрылысын «Даму» қорының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар арқасында толық аяқтап, іске кіріскен болатын. Комнания экспорт көлемін ұлғайтып, бұйымдарды шетелге шығаруды жоспарлап отыр, — дейді «Даму» қорының облыстық филиалы басшысы Айнагүл  Байдәулетова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button