Жаңалықтар

Індет ушығып кетпесін

12 қаңтардан бастап облыс «сары» аймаққа енді. Өткен тәулікте өңірде коронавируспен ауырған 75 жағдай тіркелді. Ал жылдың алғашқы аптасында өңірде жалпы 144 адам коронавирус жұқтырған. Оның ішінде «дельта+» штамы да анықталып отыр. Облыста әзірге «омикрон» штамы тіркелген жоқ.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, бүгінге дейін әлемнің ондаған еліне таралып үлгерген «омикрон» штамы біздің елімізде, дәлірек айтсақ, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тіркелген. Осыған орай мамандар облыстағы эпидемиологиялық жағдайға алаңдап, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық сараптама орталығының молекулярлық-генетикалық зерттеулер зертханасына бірнеше сынама жіберіпті.

Жіберген сынамалардан «омикрон» штамы анықталған жоқ. Дегенмен облыста «дельта» штамынан қауіптірек, ауруды тудыру қасиеті күштірек «дельта+» штамы тіркеліп отыр. Жылдың алғашқы аптасында өңірде ахуал біршама күрделене түсті. Себебі өткен жылдың соңғы аптасында небәрі облыста коронавирустың 15 жағдайы тіркелсе, жылдың басындағы алғашқы аптада 144 жағдай тіркелді. Яғни аурулардың санына келсек бұл аптада аурушаңдық деңгейі 9 есеге көбейіп отыр. Мұның себебін біз тұрғындардың жаңажылдық кештер мен көпшілік шараларға қатысуымен, сондай-ақ бетперде режимін сақтамауымен түсіндіре аламыз. Жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша 2021 жылы облыста жалпы саны 35 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырса, оның мыңнан астамы — оқушы. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі 250 бала осы індеттен емделіп шықты. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар арасында 60-65 жастағылар көп. Одан кейінгі санатта 50-59 жастағылар, үшінші орында 65 жастан жоғарылар, — дейді М.Сербаев.

Департамент басшысының орынбасары қазіргі таңда әлемде тез таралып жатқан «омикрон» штамы генетикалық өзгерістерге, яғни мутацияға ұшыраған штамм екенін айтады. Ол «дельта» штамына қарағанда бес есе жылдам тарайды. Мәселен, «дельта» штамы бір мезетте бір-екі адамға жұқса, «омикрон» кемі 5-6 адамға жұғады екен.

  • Індеттің бұл түрі тамақ аурудан басталады. Дене қызуы көтеріледі. Тағы бір ерекшелігі, адам тез шаршап, жатып қалады. Сондай-ақ бұл штамм патогендіктің төмендеп, вакцинаға төзімділіктің жоғарылауымен сипатталады. Онда инкубациялық кезең өте қысқа. Егер бұған дейін біз бес күн ішінде пайда болған «дельта» штамы туралы айтатын болсақ, онда «омикронның» инкубациялық кезеңі — инфекциядан бастап аурудың дамуына дейін екі күн. Бүгінде «омикронның» 110-нан астам елде тез таралуы оның жұқпалылығының жоғары екенін көрсетеді. Бұл штамм, ең алдымен, Оңтүстік Африка елдерінде табылған. Бұл инфекция көбіне балалар, егде жастағы науқастар және созылмалы аурулары бар адамдар арасында кең таралып отыр. Сондықтан тұрғындар барынша қорғанып, сақтанып жүруі керек. Ең дұрысы, көпшілік жерлерге бармай, бетперде тағып жүру өте маңызды, — дейді ол.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, осы жылдың алғашқы онкүндігінде өңірде коронавирустан бөлек пневмониямен ауырған 11 жағдай тіркелген. Қазір науқастар ауруханада ем алып жатыр.

Ал өңірде коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алғандардың үлесі 71,1 пайызға жетсе, екпенің толық курсын алғандардың көрсеткіші — 66,2%. Жалпы, жоспар бойынша облыста 529 380 тұрғын екпе алуға тиіс.

Эпидемиологтар Ақтөбе облысы «сары» аймақтар қатарына енуіне байланысты өңірде «Ashyq» жобасына қатысушы нысандарға тек «жасыл» мәртебесі бар тұрғындар ғана кіре алатынын айтады. Сондай-ақ тұрғындар барлық жерде бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтау керектігін ескертеді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button