Экономика

«Atameken Aktobe» 35 жобаны қаржыландырды

«Atameken Aktobe» микроқаржы ұйымы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда «Бастау-Бизнес» жобасының 35 түлегі аталған ұйым арқылы өз ісін дамытуға қаржы алды. Оларға жалпы сомасы 248 млн теңге көлемінде жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие берілді.

«Бастау-Бизнес» түлектері қай жылы оқығанына қарамастан,микроқаржы ұйымынан жеңілдетілген несие ала алады. Несиеге өтінім беру үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгіну қажет.

— Микроқаржы ұйымы өзінің бизнес-жоспарларын табысты қорғаған «Бастау- Бизнес» жобасының түлектеріне кәсіпкерлік қызметтің барлық түрін дамытуға несие береді. Ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұрғындары 2,5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал қала тұрғындары 6,5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде шағын несие ала алады. Негізгі қарызды төлеудің жеңілдікті кезеңі — 12 айға дейін, сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 6 пайыз. Несиелеу мерзімі — 5 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыру — 36 айға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін— 7 жылға дейін. Кепілдік мүлікті бағалауды тәуелсіз бағалаушылар жүргізеді, ал жобаларға микрокредит беру бойынша шешімдерді «Atameken Aktobe» ұйымының Несие комитеті қабылдайды, — дейді «Atameken Aktobe» МҚҰ директоры Нұрлан Серікжан.

Алайда аталған микроқаржы ұйымы жеке тұрғын үй құрылысы мен жылжымайтын мүлік үшін жер учаскелерін сатып алу, кредиттік берешекті қайта қаржыландыру, қолданыстағы несиелерді өтеу, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттағы жобаларды қаржыландырмайды.

«Atameken Aktobe»микроқаржы ұйымыбылтырөңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігінің қатысуымен «Бастау-Бизнес» жобасының түлектерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын.

Өткен жылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша облыстың 1381 тұрғыны білім алып, 1011 жоба қаржыландырылды.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button