Жаңалықтар

Маңызды мәселелер талқыланды

Облыстық мәслихат депутаттары тұтынушылар құқығын қорғау, жер заңнамасын сақтау және мәдени орталықтардың мәселелерін талқылады.

Бұл мәселелер облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғмановтың төрағалығымен

облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану және әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралды.

Облыстың жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысы Баянбек Қырықбаев жыл басынан бері 143 тексеру жүргізілгенін, тексеру нәтижесінде 955,41 гектар алқапта ҚР Жер заңнамасының 51 бұзушылығы анықталғанын, 110 адамға қатысты әкімшілік өндірістік іс қозғалғанын хабарлады.

— 107 тәртіп бұзушыға қатысты жалпы мөлшері 1 7852,021 мың теңге айыппұл түрінде әкімшілік шаралар қабылданып, 2 тәртіп бұзушыға жаза түрінде ескерту берілді, — деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар басқарма жерді өз бетінше басып алуға қатысты 30 бұзушылықты анықтаған. Тәртіп бұзушыларға жалпы мөлшері 1 1011,656 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған аумақты дамыту бағдарламасының іске асырылу барысы туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының экономикалық саясат және стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы Евгений Артығалиев хабарлады.Ол өткен жылдың 26 ақпанында Үкімет қаулысымен мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бекітілгенін атап өтіп, оған сәйкес аумақты дамыту бағдарламасына, Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына  өзгерістер енгізіліп жатқанын, ол 2 негізгі бағытты, 8 мақсатты және 121 нысаналы индикаторды қамтитынын атап өтті. 121 нысаналы индикатордың 21-і — стратегиялық көрсеткіштер картасында көзделген индикатор.

Сондай-ақ 12 қазанда Үкімет 10 ұлттық жобаны бекітті, ПРО жобасына осы ұлттық жобалардың 100 нысаналы индикаторы енгізілді. Бірінші бағыт – азаматтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын, халықтың табысын арттыру, білім беру және денсаулық сақтау қызметтерінің сапасы және тағы басқа мәселелерді қамтиды. Екінші бағыт — өңір экономикасының өсуі және халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау, кәсіпкерлікті, жалпы экономиканы, сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуды және экологиялық жағдайды жақсартуды қамтиды, — деді Евгений Артығалиев.

Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев депутаттарға тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасын жетілдіру туралы айта отырып, өткен жылы азаматтардың 1 817 өтініші қаралғанын жеткізді.

Нәтижелер тұтынушылық даулар соттан тыс тәртіппен сәтті шешілетіндігін көрсетеді. Тұтынушылардың 1490 өтініші қанағаттанарлық түрде шешілсе, 301 тұтынушыға заңнамалық тәртіпте түсініктемелер берілді, тұтынушылардың 25 өтініші тиісті мемлекеттік органдарға жолданды, — деді ол.

Сондай-ақ ол «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңда қабылданған түзетулерге сәйкес тұтынушылардың шағымдарын қараудың үш сатылы жүйесі енгізілгенін атап өтті. Бірінші кезең тұтынушының кәсіпкермен жанжалды шешуге тәуелсіз әрекетін білдіреді, ол 10 күн ішінде шешілуі керек. Егер тұтынушы сұранысы қанағаттандырылмай қалса, қорғаудың екінші кезеңі – қоғамдық бірлестікке, сондай-ақ мамандандырылған мемлекеттік департаментке жүгіну басталады. Айта кетейік, тұтынушылар құқығын қорғау департаменті бизнеске әкімшілік жаза тағайындау құқығын алды. Мысалы, департамент былтыр тұтынушылардың құқықтарын бұзуға қатысты орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 5 тексеру жүргізген, нәтижесінде 3 ұйғарым және 2 әкімшілік жаза қолданылған.Үшінші кезеңде тұтынушы сотқа жүгінеді.

Баяндамашыларды тыңдаған депутаттар бірқатар сұрақ қойды. Сауалдардың көпшілігі облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашевқа жолданды. Депутаттарды департамент қандай құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуы мүмкін екендігі, сатушылар түбіртек бермеген жағдайда немесе төлем картасын қабылдаудан бас тартқан жағдайда тұтынушыларға қалай әрекет ету керектігі қызықтырды.

Отырысқа қатысушылар онлайн-саудадағы тәуекелдерді азайту үшін не істеуге болатынын, қандай тұтыну тауарлары қайтарылмайтынын және  т.б. түсіндіруді сұрады.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button