Жаңалықтар

Оқушылар қағаз тапсырып, пайда тапты

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің барлық оқушылары мен ата-аналары өндірістен қалған кеңсе қағаздарын, блокноттарды, қораптарды және басқа да баспа өнімдерін тапсырып, қаладағы қоқыс көлемін азайтуда.

Зияткерлер 10 күн ішінде 700 келіге жуық қағаз жинады.

Экомарафон байқау ретінде ұйымдастырылып, жүлдегерлерге «Дина» сауда желісінің ақшалай сертификаттары сыйға тартылды. Зияткерлер сертификаттарын пайдаланбай, тұрмысы нашар отбасыларға мереке қарсаңында сыйлық ретінде беруге шешім қабылдады.

— Негізгі мақсат — балалардың назарын табиғи ресурстарды үнемдеуге аудару, оларды ысырапсыз пайдаланбауға баулу, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуға үлес қосу. Мақсатымыздың алғашқы қадамдары жүзеге асты, енді экологиялық акцияны жалғастыру үшін балалар күнде макулатура әкеліп отырады, — дейді жоба жетекшісі, ұйымдастырушы Айнұр Нұрпейісова.

Сондай-ақ жақында «ECO Network» компаниясы қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу мақсатында зияткерлік мектепке пластикке, қағазға және әйнекке арналған арнайы жәшіктер орнатты. Бұл өз кезегінде қоқысты сұрыптауға және табиғатқа келетін залалды азайтуға көмектеседі.

Қағаз өндірісінің ресурсы 150 жыл бойы қалпына келеді екен. Бүгінде заманауи технологиялар макулатураны қайта өңдеп, пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша ағаштарды кесуді азайтуға мүмкіндік бар. Мысалы, 1 тонна макулатура 30 адамға оттегі бөлетін 10 ағашты кесуден сақтайды, 1000 кВт электр қуатын және 20000 литр тұщы суды үнемдейді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button