Жаңалықтар

Әлеуметтік жоба үздіктері марапатталды

Дүйсенбі күні «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында «Аналар аманаты» әлеуметтік жобасының үздіктері марапатталды.

Жобаның мақсаты — ұлттық қолөнерді, оның ішінде ою-өрнек қию, құрақ құрау, көрпе тігу, әшекей бұйымдарын жасауды үйрету, шебер аналардың рухани жағынан өсуіне мүмкіндік жасау, оң тәжірибелерін тарату, шеберлік сағаттарын өткізу арқылы аналар мен қыз балаларды еңбек етуге тәрбиелеу және кәсіби бағдар беру.

Шараны ұйымдастырушылар — облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы жөніндегі комиссия және қолөнерші, этнодизайнер, «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада.

Шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова жобаға қатысушыларды марапаттап, ризашылығын білдірді.

Бүгінгі шараға қатысып отырған барша өнерлі жандарға алғысымды айтамын. Ұлттық қолөнерді дамытуда мұндай жобалардың маңызы зор. Біз өнерлі жастарға әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы орайда алдағы уақытта мәслихат депутаттары қолдап жатса, өңірімізде өнер шеберлеріне арналған орталық ашылса деген жоспарымыз бар. Егер орталық ашылса, ол кәдесыйлар жасауға, туризм саласын дамытуға оң әсерін тигізеді, — деді ол.

Шарада сондай-ақ облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы жөніндегі комиссия хатшысы Дана Тынымқұлова жобаға қатысқан аналар мен қыз балаларға алғысын айтып, сәттілік тіледі.

Айта кету керек, «Көрпе-fest» фестивалі аясында бұл жобаға биыл 13 адам қатысқан. Оның бесеуі — бала.

Шарада марапатталғандардың бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлзада Абитова. Ол өткен жылы «Көрпе-fest» фестиваліне қатысып, соның нәтижесінде грант ұтып алған.

Былтыр үш күн бойы фестиваль аясында көрпе тігу, құрақ құрауды үйрендім. Содан кейін грант ұтып алып, жеке кәсіп аштым. Алған грантыма құрал-жабдық сатып алдым. Міне, қазір өз кәсібімді дөңгелентіп отырмын. Биыл осы жобаға қызым екеуміз қатысып, өз қолөнер бұйымдарымызды көпшілікке ұсындық. Өзім 3 баланың анасымын. Бір баламның мүмкіндігі шектеулі. Соған қарамастан, бәріне үлгеруге тырысып жүрмін, — дейді Гүлзада Абитова.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button