Жаңалықтар

Еңбек қауіпсіздігі тексерілді

Қазан-қараша айларында облыстық прокуратура мен облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма бірлесіп, жұмысшылары ауыр және зиянды жағдайда жұмыс істейтін ірі кәсіпорындарға тексеру жүргізді. Бұл туралы Ақтөбе облысы прокуратурасының ғимаратында ірі кәсіпорындардағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі брифингте айтылды.

Брифингке облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Асқар Ахметбеков, облыс прокурорының көмекшісі, кіші әділет кеңесшісі Айбар Ақылбекұлы, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Қуаныш Қамиев қатысты.

Облыс прокурорының көмекшісі Айбар Ақылбекұлының айтуынша, кәсіпорындарды тексеру барысында еңбек заңнамасының, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі туралы заңнаманың, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың көптеген бұзушылықтары анықталды.

— Негізінен,жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру жөніндегі міндеттемелерді орындамау, медициналық көмекпен және тексерумен қамтамасыз етпеу, сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтарын бұзу фактілеріне жол беру секілді жайлар жиі кездесті. Атап айтсақ, «Восток нефть и сервисное обслуживание» кәсіпорнында медпункт, ал вахталық кенттерінде медицина қызметкері жоқ, бұл өндірістік жарақат алған кезде уақтылы алғашқы медициналық көмек көрсетілмейтіндігін көрсетеді. Сондай-ақ ұжымдық шарт міндеттемелері орындалмапты. Бұдан басқа тең өндірістік-тұрмыстық жағдайлардағы жұмысшылардың еңбек құқықтарын өрескел бұзудеректері де анықталды. ХромтаудағыДөң тау-кен байыту комбинатында жазатайым оқиғаларда жұмысшылардың міндетті сақтандырудағы шарттық міндеттемелерді орындамау фактілері кездесті. Кәсіпорын қызметкерлері санаторлық-курорттық емдеуге де жіберілмепті. Айтпақшы, «Қазхром» трансұлттық компаниясының филиалдары — Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң тау-кен байыту комбинатының басшылықтары өнеркәсіптің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін ғимараттарды пайдаланып отырғаны да белгілі болды. Қазіргі уақытта анықталған бұзушылықтарды жою әрі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнама талаптарына сәйкес келтіру үшін тиісті шаралар қабылданды, — дейдіАйбар Ақылбекұлы.

Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау —облыстық прокуратураның тұрақты бақылауында тұрған негізгі мәселелердің бірі.

Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Қуаныш Қамиевбиыл бір жылда инспекцияға 10 мыңнан астам арыз-шағым түскенін айтты.

— Жұмысшылардың дені заңсыз жұмыстан шығарып жіберу мен уақытында жалақы алмауына шағымданады. Басқармадағы 11 еңбек инспекторы облыс бойынша түскен әр шағымды зерделеп, жұмыс берушілермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, — дейді Қуаныш Қамиев.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button