Жаңалықтар

Құнды еңбек

Дүйсенбі күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарайдың «Адай тарихы» кітабының тұсаукесері өтті.

Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасыныңбасшысыАлтынай Юнисова, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ертай Ашықбаев, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов сөз сөйлеп, тарихи һәм танымдық кітап туралы ой-пікірін білдірді.

— Бұл кітаптың ауқымы өте кең. Бір қарағанда, 568 беттік кітапта тек Адай руының тарихы жазылған болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, мұнда көне сақ, ғұнның, Маңғыстау қазақтарының тарихы, сол жердегі тайпалардың шығу тегі туралы жазылған. Сондықтан бұл кітап қазақтардың бөлінуі емес, бірігуі туралы жазылған құнды еңбек. Әрі дереккөздерге сүйеніп, нақтылы баяндалған, — деді Алтай Тайжанов.

Ал Ертай Ашықбаев қазақ әдебиетінде тарихи кітаптардың аз еместігін, бірақ нақтылы дерекке негізделген шығармалардың саусақпен санарлық екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Адай тарихы» —дереккөздері бар сол бірлі-жарымеңбектердің бірі. Сонысымен шоқтығы биік.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин мен ақын Жақсылық Айжан салтанатты жағдайда тұсауын кескен аталған кітаптың Ақтөбеге 200 данасы жеткізіліпті. Оқырман қауым еңбекті С.Бәйішев атындағы облыстық кітапханадан таба алады.

Айта кетейік, биыл ақпан айында қайтыс болған көрнекті жазушы, драматург Әнес Төлендіұлы 1937 жылы Ресейдің Астрахань облысында дүниеге келген. Әр жылдары «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында редактор, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған. Ол — Батыс Алашорда тарихын қамтитын «Еділ-Жайық» романының және Алаш қозғалысына қатысты деректі материалдардың авторы.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button