Жаңалықтар

Жетістіктер мен жеңістер

Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифинг барысында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров аталған басқарманың жыл басынан бергі 10 айда атқарған жұмысы туралы айтты.

Облыста 31 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Оның 16-сы — Ақтөбе қаласында, қалғаны аудандарда. Сондай-ақ жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резерв даярлау орталығы, Есет батыр атындағы олимпиадалық резерв даярлайтын мамандандырылған мектеп-интернаты, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт клубы бар.

— Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 20465 бала спорттың 44 түрі бойынша жаттығады. Облыстағы 62 ауылда аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің филиалдары жұмыс істейді. Спорттың бірнеше түрі бойынша Қазақстан құрама командаларына біздің облыстың 481 спортшысы кірді. Биыл облыста бірінші разрядты 280 спортшы, 431спорт шеберіне үміткер, 6 спорт шебері, халықаралық дәрежедегі 2 спорт шебері шықты. Қазақстан чемпионаттарына қатысқан біздің спортшылар облыс қоржынына 161 медальсалды, оның ішінде алтын — 71, күміс — 34, қола — 56. Халықаралық турнирлерден 26 медаль алдық, оның ішінде алтын — 14, күміс – 7, қола — 5. Азия чемпионатында спортшыларымыз 15 медальға, оның ішінде 5 алтынға, 7 күміске және 3 қолаға ие болды.  Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарына Ақтөбе облысынан алты спортшы қатысты. Олардың арасында еркінкүрестен Нұрислам Санаев қола жүлдені жеңіп алды, — деді ол.

Сонымен бірге спорттың қысқы, паралимпиадалық, ұлттық түрлерін одан әрі дамыту, аула клубтарының жұмысын, бұқаралық спортты жандандыру мәселелері де айтылды. Е.Гончаровтың айтуынша, облыста қысқы спорттың 5 түрі жақсы дамып келеді. Бұл бағытта 969 спортшы жаттығады. Қысқы спорт түрлері Ақтөбе қаласында, Мәртөк, Қобда, Қарғалы, Хромтау аудандарында жақсы дамыған.

— Облыста мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған спорт клубы жұмыс істейді. 2021 жылға арналған паралимпиадалық және сурдоолимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан құрама командаларының тізімінде облыстың 32 спортшысы бар. 48 мүмкіндігі шектеулі спортшы республикалық жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткені үшін ай сайын шәкіртақы алады. Облыста мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Бүгінде 2,1 миллиард теңгеге жобалық-сметалық құжаттамажасалып, оң сараптама алынды, — деді басқарма басшысы.

Облыста ұлттық спорттың 8 түрімен айналысатындар саны 25 мыңнан асады.

Аудандарда ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған спорт мектебінің филиалдары жұмыс істейді.  2020-2021 оқу жылында ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында Шалқар, Байғанин, Ырғыз, Мәртөк, Қобда аудандарында ат спорты(көкпар, аударыспақ)  бойынша арнайы үйірмелер ашылды.

— Өңірде бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Статистика бойынша биыл облыста денешынықтыру және спортпен айналысатын тұрғындар саны 34,56% болды, яғни денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде 312272 адам айналысады. Биыл салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 890 бұқаралық спорттық іс-шараөткізіліп, оған 53,6 мыңнан астам адам қатысты, — деді ол. Брифинг барысында жыл басынан бері ашылған спорт нысандары, саланы қаржыландыру мәселелері де айтылды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button