Жаңалықтар

Жас сарбаздар сайысы

Ақтөбе қаласындағы Оқушылар сарайында онлайн форматта «Айбын» VII республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысқан командалардың мүшелері мен жетекшілерін салтанатты түрде марапаттау шарасы өтті.

Шараға облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, подполковник А.Отарбаев, Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы А.Балқасымов және қалалық білім бөлімінің өкілдері қатысты.

Алдымен «Жас сарбаз» республикалық әскери патриоттық қозғалысы облыстық филиалының төрағасы Бағдат Жұмағанбетов баяндама жасады. Жекелей сынға қатысып, республика бойынша екінші орынды иеленген Любовь Лебедева мен Аружан Қалиеваға ҚР Қорғаныс министрлігі атынан диплом мен смарт сағат табысталды. Ал «Саламатты жас сарбаз» байқауы бойынша командалық сайыста екінші орынды еншілеген Асылзат Бақытжанова мен Фатима Амандоллаға медальдар берілді. Сонымен қатар сайысқа қатысқан барлық әскери патриоттық клуб мүшелері облыстық білім басқармасы басшысының атынан Алғыс xаттар мен естелік сыйлықтар алды.

Облысымыздың абыройын қорғаған үш әскери патриоттық клуб жетекшілеріне облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының атынан Алғыс xаттар табысталды.

Салтанатты шараның көркін Сазды орта мектебінің «Жас сарбаз» әскери патриоттық үрлемелі аспаптар оркестрі өнерпаздарының патриоттық туындылары аша түсті.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button