Жаңалықтар

Жарқамыстың жанашыры

Дәрігер Сатыбалды Тілегеновті ауыл адамдары қашаннан да ерекше құрметтейді. Кейде бұл кісіге жақсы адам ғой деп айта салудың өзі аздық ететін секілді көрінеді.

Негізінде туған жеріңді сүю — ақылдылықтың емес, жүректің әмірімен жасалатын әрекет. Жарқамыс топырағында дүниеге келіп, елден жырақтамай қолынан келген бар жақсылығын туған жеріне беріп келе жатқан осы бір азамат жайлы сыр ақтарғым келеді.

Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі де, бірегейі — адамгершілік десек, кез келген жанды осы бір керемет қасиетпен қатар жаратылған деп айту әрине оңай емес. Небір қиын-қыстау кезде сынмен суғарылған, адамгершілігімен дараланған жайсаң азаматтың  бірі — осы Сатыбалды Құлтанұлы. Өзінің адамға қамқор болуға дайын тұратын ақжүректілігі мен кәсіби сауаттылығы, елге деген шапағаты мен сүйіспеншілігі оның жауапты қызметтердің тізгінін ұстауына айқын жол ашты. Сатыбалды ағаның еңбек жолдарын, жеткен жетістіктерін оның  жұмсалған еңбегінің өлшемі деп бағалауға болады.

Сатыбалды Құлтанұлы 1978 жылы Жарқамыс орта мектебін бітіріп, еңбек жолын  көмекші шопан болып бастайды. Екі жыл жұмыс істеп, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының даярлық курсына оқуға түседі. Институтты ойдағыдай бітірген соң Байғанин аудандық ауруханасына дәрігер-инфекционист болып қызметке орналасады. Іскерлігі мен тәжірибесі шыңдала түскен ол Шұбарқұдық теміржол ауруханасында дәрігер-терапевт болып қызмет жасайды. Одан кейін туған жері Жарқамысқа оралып, балалар дәрігері болып еңбек етті. Ол осында өзінің білікті маман, өз кәсібін сүйген дәрігер ретінде танылды. Талай рет өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан науқастар мен сәбилердің жебеушісі болды. Оның кәсібіне деген адалдығы ел-халқының ортасында абырой-беделін көтерді. Халқының осындай сүйіспеншілігі Сатыбалды ағаның аудандық мәслихаттың  депутаты болып сайлануына себеп болды. Депутаттық қызметін атқара жүріп, Жарқамыс үшін жанашыр бола білді. Елге деген махаббаты еселене түскен оған деген халықтың риясыз көңілі тағы бір белестің басталуына себеп болған еді. Ол — Сатыбалды Құлтанұлының Жарқамыс селолық округіне әкім болып тағайындалуы. Ауыл әкімі қызметін атқарған уақыттарында ол өлшеусіз еңбек етті.

Елдің кез келген адамынан сол уақыттар жайлы сұрай қалсаңыз, қай-қайсысы да: «Ой, Сатыбалдының уақытында жағдай басқаша еді ғой!» деген ризашылықтарын жасыра алмай жатады. Ағаның адамгершілігі, қиналған жан көрсе көмектескісі келіп тұратын мейірімділігі, ауыл әкімі бола жүріп жаны қысылған науқастарға да көмекке барып, емдейтін дәрігерлік шеберлігі, қарапайымдылығы жерлестеріне әбден аян болған қасиеттері еді. Қашан көрсең де сәлеміңді күтпей-ақ, жарқырай амандасатыны тағы бір жақсы қасиеті. Көрген беттен-ақ бар жағдайыңды сұрап, ауырмаңдар деп аяқтайтын әдеттегі жақсы тілегі жүрегіңе шуақ құйып, көңіліңе медеу болады.

Осындай туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі, ел-халқының алдындағы мерейі ауыл әкімі қызметін атқарған жеті жылда жаңа істермен еселене түскен. Сол жылдарда жасаған еңбегі ол кісінің туған жеріне деген шексіз сезімі, перзенттік парызының пайымы  елге деген шапағатының  өлшемі болатын.

Міне, бүгінде осындай жайсаң жан алпысқа келіп, асқаралы жастың төрінен орын алды. Өткен жолда талай қуаныш пен қиын сәттерді басынан өткерді. Өмірлік жары Тамара апай екеуі ұл-қыздары мен немерелерін жетілдіріп, соларға жақсы жол көрсетті.

Жарқамыстың жанашыры, мақтанышы, ауыл азаматы  Сатыбалды Құлтанұлына жерлестерінің алғыстан басқа айтары жоқ. Бас ауырып, балтыр сыздаса алғашқы көмек осы жанның алтын қолымен жасалатынына ешкім күмән келтіре алмайды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліне елеулі еңбегі сіңген осындай азаматқа ел-халқы болып біз де алғыс айттық.

 Самалгүл ЖИЕНБАЕВА,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button