Жаңалықтар

Оқушылар баспасөз үйін аралады

Ақтөбе облыстық есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат колледжінің және әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған мектеп гимназиясының оқушылары Баспасөз үйінде болып, «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымымен танысты.

Оқушылар алдымен ғимараттың бірінші қабатында орналасқан музей залын аралап көрді. Өңірдегі журналистиканың қара шаңырағы «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттерінің тарихымен кеңінен танысты. Сондай-ақ конференцзалда белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаевпен кездесті.  Ақынның тағылымды әңгімелерімен сусындап, сұрақтарына жауап алды.

— Облыстық есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат колледжінің директоры Гүлсім Шакенованың бастамасымен осындай кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрады.

Бүгін балалар Баспасөз үйіне келіп, ерекше әсер алды. Әсіресе, музейдегі ескі баспа машинкаларына, баспасөз саласына қажетті құралдарға қызығушылық танытты. Алдағы уақытта жоғары сыныптың оқушыларына да экскурсия  жасау ойымызда бар, — дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арайгүл Оразова.

Сондай-ақ әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған мектеп гимназиясының

9-сынып оқушысы Зере Сүндетбаева да өз әсерімен бөлісті.

— Бүгін «Ақтөбе» газетінің тарихын зерделеп, оны қызықтап, тамашалау мен үшін зор қуаныш болды. Редакцияның қызметкерлерімен таныстық. Сонымен қатар ақын Ертай Ашықбаевпен кездесу біз үшін үлкен мәртебе. Ол кісімен сұхбаттасып, қызықты деректер жинағанымыз үшін ұйымдастырушыларға рақметімізді айтамыз, — дейді ол.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button