Жаңалықтар

Журналистер Шалқардың құрметті азаматы атанды

Облыс журналистикасының ардагерлері, Қазақстанның құрметті журналистері  Мұқамбетәли Есмағанбетов пен  Жанғабыл Қабақбаевқа аудан экономикасының дамуына, саяси-әлеуметтік саласының өсіп-өркендеуіне қосқан зор үлестері және қоғамдық қызметтегі белсенді еңбектері үшін «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.  Мәртебелі марапатты 1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты шарада аудан әкімі Жанболат Жидеханов табыстады.

Мұқамбетәли Есмағанбетов саналы ғұмырын аудандық басылымға арнай жүріп, түрлі тақырыптағы тарихи  мақалаларды жарыққа шығарды. Қазаққа белгілі күйші Қазанғапты зерттеп, қазанғаптанушы атанды. Өлке тарихынан сыр шертетін «Аңыздар мен ақиқаттар өлкесі»,«Ғасырларға пара-пар жылдар» кітабының авторы, Шалқар ауданы энциклопедиясын шығарушы редакциялық алқасының мүшесі.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Жанғабыл Қабақбаев та аудандық «Шалқар» газетінен шыңдалған белгілі журналистердің бірі.

Өз кезегінде ардагер журналистер еңбектерін ескерген аудан басшылығына алғыстарын айтты. Қос журналиске көрсетілген бұл құрмет тоқсан жылға иек артқан аудандық «Шалқар» газетіне де берілген жақсы бағаның бір белгісі.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button