Жаңалықтар

Татулық пен келісім кепілі

Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік — конфессияаралық татулық пен келісім кепілі» атты дөңгелек үстел өтті.

Шарада тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктері баяндалып, ұларалық және дінаралық келісім, әлеуметтік тұрақтылық негіздері сөз болды.

Бүгінде облыста 93 діни берлестік жұмыс атқарып жатыр. Оның 68-і ислам бағытында. Жалпы діни бірлестіктермен жыл бойы түрлі форматта шаралар ұйымдастырылуда. Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлының айтуынша, қазіргі таңда облыста 68 мешіт бар. 7 мешіттің құрылысы жүріп жатыр.

— Мешіттердің атқаратын негізгі жұмысы — халықты діни ағарту, жат ағымның алдын алу. Еліміз тәуелсіздік жылдарында көптеген жетістіктерге жетті. Егемендік алған алғашқы жылдары санаулы ғана мешіттер болды. Мәселен, біздің облыста 4 мешіт болған. Медреселер мүлде жоқ. Көрші Өзбекстан, Түркия мемлекеттеріне барып білім алуға тура келді. Ал қазір елімізде 9 медресе, Нұр-Мүбарак университеті бар. Сондай-ақ сол жылдары діни кадрлар тапшылығы сезілді. Қазір облыста діни жоғары білімді кадрлар 95 пайызға толықты. Сондай-ақ Ақтөбе медресе-колледжі ашылды. Бүгінде онда 200-ден астам шәкірт білім алып жатыр. Ақтөбе қаласында Батыс-2 ауданынан жаңа медресенің құрылысы басталды.

Елімізде көптеген ұлттар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мұның барлығы тәуелсіздіктің жетістігі деп толық айтсақ болады. Себебі тәуелсіздік болмаса, дін, рухният саласы да дамымас еді, — деді Серікжан Еншібайұлы. Сондай-ақ ол  облыстық «Ел үлесі — пәтерге» жобасы аясында халықтың көмегімен 9 мұқтаж отбасына тұрғын үй берілгенін атап өтті.

Шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы сөз алып,

дініміздің мән-маңызына тоқталды.

— Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде дініміз бірте-бірте оралып келе жатыр. Дініміз, негізінен, тұрмыс-салтымыз, діни мерекелер мен салт-дәстүрлеріміз, әдет-ғұрпымыз арқылы бойымызға тарады. Діннің өлшемі мешіттердің санымен өлшенбейді. Дін — тұнып тұрған тәрбие. Сондықтан діннің қоғамда тарауы біздің имандылығымызда, тәрбиемізде.

Егемендік алғалы қалалардың келбеті өзгерді, қоғам жаңарды. Тәуелсіздіктің бізге берген үлкен олжасы — өз дінімізді танып-білуімізде, — деді ол.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова белсенді дін өкілдерін марапаттап, облыс әкімінің атынан ризашылығын білдірді.

— Биыл еліміздің өз алдына дербес мемлекет болғанына 30 жыл толғалы отыр. Бүгінде көптеген заң жобалары қабылданды. Әр азамат өзінің ұлтына, дәстүріне қарай өз дінін ұстанып, емін-еркін өмір сүруге құқылы.

Ақтөбе — батыс өңіріндегі үлкен облыс. Тоғыз жолдың торабы да осы жерге келіп тоғысады. Бүгінде облыста жалпы қоғамдық-саяси жағдай тұрақты деп айта аламыз. Барлық дін өкілдеріне жұмыс істеуге заң шеңберінде толық мүмкіндік беріліп отыр.

Бүгінгідей кездесулер дінаралық келісім, елдегі ауызбіршілік бағытында дұрыс шешім қабылдауға септігін тигізеді. Дін аса күрделі әрі нәзік сала екені белгілі. Сондықтан әлі де болса зерттеуді талап еді. Бүгінгі жиын барысында көптеген ұсыныстар айтылды. Біз әр уақытта шешімін тауып, ашық болуға тырысамыз, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Бұдан соң ол еліміздегі діни тұрақтылықты сақтауға және қоғамдағы конфессияаралық келісімді дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін «ҚМДБ» Ақтөбе облысы бойынша өкілі, «Нұр Ғасыр» орталық мешітінің бас имамы Серікжан Еншібайұлына Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежановтың Алғыс хатын табыстады.

Сонымен қатар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан бірқатар жергілікті діни бірлестік өкілдерін марапаттады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button