Жаңалықтар

Жылы шұлықтар – IX

«Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылық істермен жалғасып келеді. Сондай игі істің бастаушысына айналған «Ақбөбек» компаниясы жыл сайын «Жылы шұлықтар» атты қайырымдылық акциясын өткізеді. «Жылы шұлықтар» дәстүрлі қайырымдылық акциясы биыл тоғызыншы рет өтіп отыр. Акцияның мақсаты: мұқтаж жандарға көмек қолын созу, қайырымдылық көрсету. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді бойына дарыту.

«Жанашырлыққа жан риза» дегендей қамқорлыққа мұқтаж балалардың жанашыр қамқоршысы болып, жүрек жылуын ұсыну, әрбір адамның азаматтық парызы. Соңғы жылдары «жылы  шұлық» қайырымдылық акциясы аясында «Ақбөбек» компаниясы  мыңнан астам жас жеткіншекке он миллион теңге көлемінде тегін көмек берді.Биыл да арнайы бөлінген қаржыға азық-түлік үлестіріліп, мұқтаж жандардың отбасына таратты. Қамқорлық жасауға бейжай қарамайтын жандар, қайырымдылық жасауға дайын тұратын ата-аналар өз қолдарынан тоқыған жылы шұлықтарды, бас киім мен мойын орағыштарды шынайы көңілдерімен ұсынды. Бұл қайырымдылық шарасына «Ақбөбек» компаниясының барлық мүшелері белсене атсалысты.

«Ақбөбек компаниясына биыл  — 25 жыл. Осы жылдары жасаған қайырымдылық істеріміз өте көп. «Үміт» балалар үйінің 1500-2000-ға жуық балаларын жылы киімдермен қамтамасыз еттік, соңғы бес жылда аз қамтылған, көпбалалы, саяжайда тұратын тұрмысы төмен 5000-ға жуық отбасы ақшалай, заттай, жылы киімдермен қамтамасыз етілді. Біздің бүгінгі балаларға жасаған қамқорлығымыз, қайырымдылығымыз бұл еліміздің ертеңіне жасаған жақсылығымыз», — дейді «Аналар клубының» жетекшісі Айгерім Алпанова.

«Ақбөбек»  компаниясы бастамашы болып отырған шараға жыл сайын қолдау көрсететін қарапайым жандардың қатары көбейіп келеді.Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Жақсылық жасау — имандылықтың тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі.

А.ЕСЕНҒАЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button