Жаңалықтар

Жасөспірімдер екпе ала бастады

Шалқар ауданында «Pfizer» вакцинасын егу жұмыстары басталды. 12-17 жастағы жасөспірімдерге де егілетін бұл вакцинаны №2 мектеп-гимназиясының оқушылары бірінші болып алып жатыр. Осы егу шарасына жауапты медицина қызметкерлерімен қатар, ауданның бас дәрігері Жанкелді Былқайыр және екпе алатын балалардың ата-аналары қатысты.

Шалқар ауданы бойынша 3600-дің үстінде 12-17 жастағы жасөспірімдер мен 16 мен 37 апта арасындағы 800-ге жуық жүкті және емізулі балалары бар әйелдерге аталған вакцина егу жоспарланып отыр. «Pfizer» вакцинасының әзірге ауданымызға 186 дозасы жеткізілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы бойынша бұл балаларға қолдануға болатын ең сапалы және қауіпсіз екпе. Айта кету керек, жасөспірімдерге екпе өз еріктерімен және ата-аналарының жазбаша келісімдерімен ғана салынады. «Pfizer» вакцинасының бір қорабында алты доза болады. Оны ашқаннан кейін өзінің сақталу тәртібі мен межелі уақыты бар. Бұл талаптар жауапты мамандардың назарынан тыс қалмайды, — дейді аудандық аурухананың бас дәрігері.

Аудан бойынша жыл басынан бері жалпы 23 512 адамға вакцина салу жоспарланған болса, оның бірінші компонентін 20 мың адам, екінші компонентін 18 мың адам алған. Яғни екпе алу нәтижесі 85 пайызды құрайды.

«Pfizer» вакцинасын алғаш болып салдырған 7-сынып оқушысы Аружан Нұрмұханбетова бастаған гимназияның алты оқушысына аудандық аурухана атынан сыйлықтар берілді.

Оқушылар екпе алғаннан кейін денсаулықтарына еш шағым айтпаған.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button