Білім

30 жылдық белес

Биыл ел Тәуелсіздігімен қатар,қаламыздағы №34 орта мектептің ашылғанына 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздігіміздің төл құрдасына айналып отырған мектебіміз әр жыл сайын талғамы биік, танымы бөлек, дарынды шәкірттерді баптап, ұядан ұшырып келеді.

Ақтөбе қаласындағы №34 орта мектебінің іргетасы 1962 жылы қаланып, кезінде қаладағы ең алғашқы қазақ мектептерінің қатарындағы №21 орта мектебі болып ашылған. Ал 1991 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ақтөбе қалалық халық депутаттар кеңесінің атқарушы комитетінің 1991 жылғы 1 тамызындағы №1376 шешімімен №34 қазақ мектебі болып қайта ашылды.

Мектептің алғаш директоры болып ҚР білім беру ісінің үздігі Аманжол Корғанбаев тағайындалды. Ол мектепті жиырма бір жыл басқарды. Ақтөбе қаласында алғашқылардың бірі болып ашылған қазақ мектебінің өсіп-өркендеуіне, жас жеткіншектердің білімді де білікті азамат болып, өмірден өз орнын табуына Аманжол Сәлімұлының еңбегі орасан зор.

Мектеп ашылған сәтте еліміз талай қиын күндерді артта қалдырып, енді ғана жаңалыққа, тың белестерге бастама алғандай болды. Қазақ мектебінің ашылуы үлкен серпіліс әкелді. Оқушы, ата-ана, ұстаздар үшін бұл сәт нағыз сынмен тең еді. Алайда ұстаздар қауымы бар білімдері мен біліктерінің арқасында сыннан сүрінбей өтіп, балаларға жаңаша үлгіде білім мен тәрбие беруде талмай еңбек етті.Атап айтқанда, мектепте нағыз өз ісінің шеберлері, ардагер ұстаздар — З.Алгиева, З.Нокина, З.Кушалиева, У.Досқалиева,  Ж.Игілікова,  М.Өскембаева, К.Досымова,  У.Алиева, З.Сальмен, Р.Берстенова,  Ы.Күнтілеуова, К.Кенбаева, О.Ақайдарқызы, С.Алданова, Р.Қарағызова, С.Кыйгашова, С.Мұратовалар еңбек етті.

2012-2018 жылдары мектебімізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бірқатар қала мектептерінде директордың орынбасары болып қызмет атқарған тәжірибелі ұстаз Дәмелі Қартпағамбетова басшылық етті.  Бұл жылдары мектептің материалдық-техникалық жағдайы жақсарып, оқу үрдісіне жаңашылдықтар енгізілді.

Ал 2018 жылдан бастап мектебімізге жоғарғы санатты ұстаз, гуманитарлық ғылым магистрі Алима Айзақова директор болып тағайындалды. Педагогикалық еңбек жолында елеулі жетістіктерге жетіп, «Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы үздік оқытушы», «Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталғанАлима Жолмұратқызы бүгінде білім ордасын жан-жақты дамытуда үздіксіз еңбек етіп келеді.

Қазіргі таңда білім ордасындабілікті де білімді ұстаздар еңбек етуде. Мектепте 9 әдістемелік бірлестік жұмыс жасайды. Оларға Ж.Абдраухова, Х.Бекмұратов, Б.Жұманиязова, Г.Баймұханова, А.Есеркенова, С.Дәулетбай, К.Какенова, А.Ғазизова, Р.Алгазина, т.б. ұстаздар жетекшілік етеді.Ал оқушыларымыз қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен сайыстардың жүлдегерлері атанып жүр. Мектеп оқушылары жылда пәндік олимпиадаларға қатысып, мектеп қоржынын жаңа жетістіктермен толықтырып келеді. Мәселен, биыл дарынды оқушыларымыз Махамбет Қорғантаев пен Аружан Зайнулла «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегерлері атанды.

Қорыта айтсақ, бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктердің барлығы – мектеп ұжымының өзара ауызбіршілігі мен ұжымшылдығыныңнәтижесі мен жемісі.

 Мәншүк МАДИЯРОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button