Әдебиет

Балалар жергілікті ақындардың өлеңдерін оқыды

«Геолог» мәдениет үйінде ІV «Жерлестер жаңғырығы» атты поэзия байқауы өткізілді. Байқауға 6-9,10-13, 14-17, 18-25 жас ерекшеліктері бойынша барлығы 90-ға жуық мектеп оқушылары мен арнаулы, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Сондай-ақ Алға, Мұғалжар, Ойыл, Байғанин, Мәртөк, Шалқар аудандарының жалпы білім беретін орта мектептерінің көркемсөз оқу шеберлері де бағын сынады.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына, «Ұлы даланың ұлы есімдері» бастамасына орай ұйымдастырылған бұл шараның мақсаты — ақтөбелік ақындарды ұлықтау, балалар мен жастар арасында насихаттау.
— Бұған дейін аталған байқау өмірден озған жерлес ақындарымыздың шығармашылығына арналса, биыл байқау ережесіне бірқатар өзгертулер енгізіліп, бүгінде ортамызда жүрген ақындардың да өлеңдерін оқуға, сонымен бірге өз шығармашылығынан да өлең оқуға рұқсат етілді. Жерлес ақындарымызды ұлықтау, олардың өлеңдерін жастар арасында кеңінен насихаттау, талапты, талантты жастарға жол ашу, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосу — біздің мақсатымыз болды. Алты жасқа енді толған балалардан бастап ақындардың өлеңдерін жатқа оқыды, — дейді байқау ұйымдастырушысы, «Геолог» мәдениет үйінің қызметкері Бибігүл Ақжігітова.
Байқауға қатысушылар Қуандық Шаңғытбаев, Бәкір Тәжібаев, Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Құрманалин, Валерий Мартыненко, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Гүлсамал Аймаханова, Ершат Қайболдин секілді ақындардың өлеңдерін оқыды.
Көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында көптің қошеметіне бөленіп, қазылар алқасының көңілінен шығып, нағыз жүйрік атанған өнерпаздар дараланды. 6-9 жас аралығында Жомарт Атымтай (№75 мектебі), Аруна Қожамырза (№8 мектебі), Нұрмахан Мәулен (№53 мектебі), 10-13 жас бойынша Айдана Хамит (Ойыл ауданы Құрман орта мектебі), 14-17 жас бойынша Мейрамгүл Русланқызы (№65 мектебі), 18-25 жас бойынша Тимуджин Сарсенов (Қ.Жұбанов атындағы университеті) топ жарды. Жеңімпаздарға арнайы диплом беріліп, бағалы сыйлықтар табысталды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button