Экономика

Асхат АЙТЖАНОВ: Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесі — бизнес пен билік арасындағы сенімді көпір

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық арасындағы табысты диалог алаңы ретінде жұмыс істеп келеді. Кеңес мүшелері бизнестің проблемалық мәселелерін шешуге, кәсіпкерліктің дамуына көмектеседі, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінің өңірлік кеңесінің төрағасы Асхат Айтжановпен сұхбатымызда аталған кеңестің жұмысы мен жергілікті кәсіпкерлер қауымдастығының даму перспективалары туралы айтылды.

— Өңірлік кеңестің мақсаты мен міндеттері туралы айтсаңыз?

— Өңірлік кеңес Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының қадағалау органы болып есептеледі және кәсіпкерлік субъектілерден, сондай-ақ Ұлттық палата съезінде белгіленген квота шеңберінде әр аймақтағы ассоциациялардың немесе одақтардың өкілдерінен тұрады. Өңірлік кеңес өз қызметінде «Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңын, облыстың кәсіпкерлер палатасының жарғысын, Өңірлік кеңес туралы ережені, сондай-ақ съезд шешімдерін басшылыққа ала отырып жұмысын жүргізеді.

Өңірлік кеңес Өңірлік палатаның дирекциясына мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен бірлесе көмек көрсетеді;  басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттардың орындалуына ықпал етеді;  Өңірлік палата мен оның филиалдарының қызметі шеңберінде Ұлттық палатаның міндеттері мен мақсаттарының орындалуын бақылайды; Өңірлік палатаның күнделікті қызметінде экономиканың нақты салалары мен секторларының мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз етеді;  Ұлттық палата қызметінің тиімділігін арттыру бойынша Ұлттық палата Конгресіне ұсыныстар енгізеді.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінің өңірлік кеңесінің қазіргі құрамы 2020 жылдың қыркүйегінде сайлау жүргізу арқылы жасақталды. Кеңес құрамында 33 адам, оның ішінде шағын және орта бизнес, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары да бар.

Бұл кеңесте сауатты, кәсіпкерлер арасында үлкен сенім мен беделге ие адамдардың болуы маңызды. Сонымен бірге кеңестің мүшелігіне белсенді әрі жас кәсіпкерлер толқынын қалыптастыру үшін жастарды да қабылдадық. Мәселен, солардың бірі — Мұғалжар ауданы Ембі қаласының тұрғыны, жас кәсіпкер Наурызбек Сарбасов. Ауыл тұрғындарын қолдау, ауылдағы кәсіпкерлік бағыттағы бастамаларға қолдау көрсету, жеке іскерлік бастамалар көтеру секілді әлеуметтік тұрғыда белсенді осындай жастар бізге керек-ақ. Кеңес мүшелерінің әрқайсысы белгілі бір салада жұмыс істейді және өзі жақсы білетін осы саланың дамуына, ондағы проблемаларды шешуге атсалысады, Өңірлік кеңес отырыстарында осы мәселелерді төтесінен қойып, кеңес алдына міндеттер қоя алады. Яғни кеңес мүшелері әр саладағы мәселелерді тереңнен білетін, түсіне алатын, шешімін іздеуге ықпал ете алатын куратор ретінде әрекет етеді.

Мысалы, мемлекеттік органдардың, жер қойнауын пайдаланушылардың және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесін бақылау жөніндегі комиссия арқылы жергілікті өндірушілердің тауарлары мен қызметтері белсенді түрде ілгерілетіліп, өндірістегі кадрлық мәселелерді шешу барысында дуалды білім беру жүйесі енгізуге, басқа да мәселелерге қатысты нақты шешімдер қабылданып келеді.

— Кеңес отырыстарында қандай мәселелер қаралады?

— Өңірлік кеңес мүшелері кәсіпкерлік саласындағы нормативтік-құқықтық актілер мен басқа да заң жобаларын сараптауға қатысады. Сондай-ақ отырыстарда мемлекеттік органдармен бірге кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен шаралардың жоспарлары талқыланып, өңірлік палата қызметінің негізгі бағыттары белгіленеді.

Бұған қоса өңірлік кәсіпкерлер палатасы дирекциясының және өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандардағы филиалдарының әр кезеңдегі есептері тыңдалып,  бизнестің проблемалық мәселелерін жедел шешу бағытында шешімдер қабылданады. Бүгінде Өңірлік кеңес көптеген мәселелердің шешімін табуға (оның ішінде орталық мемлекеттік органдар арқылы да) қабілетті үлкен күшке айналды.

— Бүгінге дейін қандай нақты жұмыстар жасалды?

—  Өңірлік кеңес мүшелері Палата қабырғасында және облыс әкімімен, атқарушы билік өкілдерімен кездесулер кезінде кәсіпкерлердің пікірін жеткізіп, жергілікті кәсіпкерлерді алаңдатып отырған жүйелі мәселелерді ұдайы көтеріп келеді. Мәселен, облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен «галстуксіз кездесу» форматында іскерлік диалог жүргізу жақсы тәжірибеге айналғанын айта кетейік.

Өңірлік кеңес мүшелері жергілікті кәсіпкерлік саласында кездесетін көптеген мәселелердің оң шешімін табуға көмектесті. Мәселен, былтыр Алғада көшпелі кездесу өткізіліп, онда шаруа қожалықтарының Алға, Хромтау аудандарының жергілікті атқарушы органдарының ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою әрекеттеріне қатысты шағымдары мен өтініштері қаралды. Кеңес отырысы мен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Хромтау ауданының әкімдігі талап арыздарды қайтарып алды, Алға ауданының әкімдігі талап-арыздарды сотқа жіберуден бас тартты. Осылайша 50 фермерлік, шаруа қожалығының жалпы сомасы 926 миллион теңге болатын меншік құқығы қорғалды.

Біздің облыстық кеңестің мүшесі, кәсіпкер Наурызбек Сарбасов көтерген тағы бір мәселе де шешімін тапты: «ҚазТрансГазАймақ» газбен жабдықтаушы ұйымы кәсіпкерлік субъектілерінен жылыту маусымына дейін заңнамада көзделмеген құжаттарды (өлшеу құралдарының мемлекеттік тексеруден өткені туралы сертификаттары, газ қондырғыларының төлқұжаты, төтенше жағдайларды жою жоспарлары) сұраған, ал кәсіпкерлік субъектілері бұған қатысты өз наразылықтарын білдірген. Бұл жерде газбен жабдықтаушы ұйым кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін аяқасты етіп отыр. Кәсіпкерлер палатасының заң сарапшыларымен бірге бұл мәселені қарадық. Нәтижесінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГазАймақ» компаниясына аталған бұзушылықтарды жою және коммуналдық-тұрмыстық газды тұтынушы кәсіпкерлік субъектілерінің заңды құқықтарының бұзуын тоқтату туралы хабарлама жіберді. Бұл талап толық орындалды. Осылайша 351 кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды.

— Өңірлік кеңестің алдағы жоспарлары туралы айтсаңыз?

— Осы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады. Сонымен бірге ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға да барынша қолдау көрсетеміз. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыс аудандарына іссапарларға барып, жергілікті жерде кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктері, кедергілер туралы сараптама жүргіземіз.

Сондай-ақ Өңірлік кәсіпкерлер палатасына түскен проблемалық мәселелердің шешімін бизнес-қоғамдастық өкілдерін тарта отырып іздеуге жұмыстанамыз.

Сауда базарлары, туризм, көлік, тамақ және құрылыс өнеркәсібі, аграрлық сектордағы мәселелер де назардан тыс қалмайды.

Президент биылғы Жолдауында ұлттық экономиканы дамыту бағытында алдымызға үлкен мақсат қойды. «Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады», — деді. Осы құжаттар аясында көптеген жұмыстар істелетін болады.

Президент мемлекеттің экономикаға тым көбірек араласуы оның өсімін тежейді, сыбайлас жемқорлыққа және заңсыз лобби жасауға әкеп соқтыратыны туралы да айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың да, бүкіл қоғамның да негізі тұрақты орта тапты қалыптастыруға серпін беретін шағын және орта бизнесті дамыту қажет екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан мемлекеттік органдар, ең алдымен, осы сәтті ескеруі қажет. Шағын кәсіпорындар икемді және нарықтық талаптарға тез жауап бере алады, бұл бюджетті салықтармен толықтыруды және жаңа жұмыс орындарын құру дегенді білдіреді. Біз осы бағытта ұдайы жұмыс жасауымыз керек.

Сөзімнің соңында кәсіпкерлерді Палатамен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеуге шақырамын, себебі бұл жерде олар бизнесті дамытудың барлық тетіктеріне қатысты қолдауға ие бола алады. Өңірлік кеңес өз тарапынан Палата қызметіне жан-жақты қолдау мен көмек көрсетеді.

Сұхбаттасқан М.САТАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button