Жаңалықтар

Көлікті тұраққа дұрыс қоймағанға айыппұл салына ма?

«Қалада көп қабатты үйлердің ауласында автокөліктің көптігі үлкен дау тудырарлық мәселе болып отыр. Жан-жағына қолайсыздық тудырып, кедергі жасап, тіпті тротуардың үстіне дейін көліктерін қоятын жүргізушілер бар. Оларға қатысты қандай шаралар қолданылады? Ақтөбеде автокөлікті тұраққа қою заңды ережемен қаншалықты реттелген? Көлікті тұраққа дұрыс қоймағаны үшін айыппұл салына ма, салынса мөлшері қандай?» — деп сұрапты редакциямызға хабарласқан Ақтөбе қаласының тұрғыны М.Жәрдемов.

Редакциядан: Біз осы мәселеге орай Ақтөбе қаласы патрульдік полиция батальоны рота командирі Ханкелді Бекболатовқа хабарласқан едік. Ол телефон арқылы мән-жайды былайша түсіндірді:

Соңғы жылдары қала көшелерінде автокөліктің көбеюіне байланысты ауладағы тұраққа көлік қою үлкен мәселеге айналып отыр. Көлігі бар екі көрші кездесіп қалса, қазір осы жайтты әңгіме ететін болды.  Ақтөбеде автотұрақтардың дені тегін. Көбіне тұраққа көлік қоюда көлік жүргізуді енді үйреніп жүргендер қолайсыздықтар туғызып жатады, яғни тәжірибесі аз жүргізушілер тұрақтағы бос орын мен көліктің көлемін дұрыс есептей алмай жатады. Мұндай кемшілікті түзету үшін арнайы автодромдағы жаттығу алаңына барып, белгіленген сызықтар арқылы тәжірибе жинаған жөн.

Заңға сүйенсек, тоқтап тұру ережесін бұзған, яғни тұраққа автокөлігін дұрыс қоймаған жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 597-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салынады. Егер көлік құралдарын тротуарда, гүлзарларда, көгалдарда, балалар немесе спорт алаңдарында қойса, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Көлікті тұраққа дұрыс қою — үлкен жауапкершілік. Себебі бұл ең әуелі өз тыныштығыңыздың кепілі. Сондай-ақ көлігіңіздің жырылып-сырылмауының алдын аласыз әрі өзге жүргізушілердің алғысын аласыз.

 

Қазір қоғамда не көп, өзекті мәселе көп. Ол шешімін таппағанда қарапайым жұртшылық редакцияға хабарласады. «Редакцияға хат» айдарында телефонмен хабарласқан немесе хат арқылы келген материалдарды құзырлы органдардың жауабымен бірге ұсынамыз.

Қадірлі оқырман! Мәселені бірге шешейік.

Байланыс телефоны: 8 777 254 73 63. E-mail: akbota.kaldybek@yandex.kz

Әңгімелескен Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button