Мәселе

Бала неге өтірік айтады?

Соңғы кезде мектеп жасындағы жəне мектепке дейінгі жастағы балалардың да асоциалды тəртіптері жайлы жиі айтылып жəне жазылып жүр. Асоциалды тәртіпке өтірік айту, ұрлық жасау, балағат сөздер айту, айналасындағы адамдармен қарым-қатынаста агрессиялық əрекет көрсету жатады.

Бала неге өтірік айтады? Көбіне өзін бізден қорғап қалу үшін. Өйткені «өтірік айту» деген тек алдау ғана емес, сонымен бірге ойлап шығару, қиялдау деген сөз.

Балалық шақ — алтын кезең, уайым-қайғысыз бақытты балалық шақ. Алайда сəбидің ішкі əлемі біз ойлағаннан да анағұрлым күрделі. Алғашында олар əлемді «түсініксіз, қауіпті əлем» деп қабылдайды. Отбасы мүшелерінің арасында да өзін жалғыз қалғандай сезінеді.

Өтірік тудыратын себептер көп. Ата-анасы дұрыс көңіл бөлмегенде назарды қалай болса да өзіне аудару үшін бала түрлі əрекетке барады; Бала біреуге күлкі болудан қашып, өтірік айтады, өте жақсы болып көрінуге тырысады (мақтаншақтық);

Көптеген балалар өзінің болашағы жақсы бағаға байланысты деп есептейді.

Егер сабақ үлгерімі нашарласа, онда бала өтірік айтудан басқа амалы жоқтығын сезінеді. Мысалы, сіз қызыңыздың математика сабағынан бақылау жұмысын нашар жазғанын білсеңіз, оған бетінен алып: «Бақылау жұмысы қалай өтті? Бұл жолы сен мені алдай алмайсың! Мен мұғаліміңмен сөйлестім жəне жұмысты нашар орындағаныңды білемін», — деп айтудың қажеті жоқ. Оның орнына балаңызға: «Мұғалімің математикадан бақылау жұмысын нашар жазғаныңды айтты маған. «Мен саған қалай көмектессем екен» деп ойланып, уайымдап отырмын» деп жанашырлық көңілмен тура айтыңыз. Егер балаңыз сонда да өтірік айтуын қоймаса, айқай-шу шығарудың, ақыл-өсиет айтудың қажеті жоқ. Тек сөзбен жəне іспен жауап беру керек. Бала ата-анаға өтірік айтудың қажеті жоқ екендігін түсінуі тиіс.

Расында, өтірік көптеген мағынаға ие. Өтірік — қулықтың бір түрі. Есейген сайын бала өтірікті нəзік түрде айтуды үйреніп, əдетке айналдырып алады, алдымен байқаусызда, ал кейін саналы түрде. Сондықтан мұндай жолға түспесін десеңіз, балаңызды өз сөзі үшін жауап беретіндей етіп тəрбиелеңіз.

Баланың өтірігінің алдын алуға бола ма? Отбасында өтірік айтудың қажеті жоқ жағдайларды қалыптастырыңыз. Егер бала ата-анасына өзінің құпияларын сеніп айта алатынын білсе, оның əрекеттері талқыланып, дұрыс деп қарастырылса, ал жазалану тəрбиелеу əдісі ретінде қолданылмаса, онда өтірік айтудың себебі ешқашан туындамауы мүмкін.

Ешқашан балаға «жақсы көремін», «жақсы көрмеймін» деген сөздерді əдейі қолдануға болмайды.

Көптеген балалар сəтсіздік алдындағы үрейден өтірікті көп айтады. Балаңызға өзіңіздің қиындықтар мен сəтсіздіктерді қалай жеңетіндігіңіз туралы айтып беріңіз, ол да сізден үлгі алып үйренсін. Өзінің қателіктерін мойындау жəне оны түзетудің жақсы əрекет екендігін балаңызға ұғындырыңыз.

Балаңыздың өтірік айтқанын қаламайсыз ба? Онда өзіңіз де өтірік айтпаңыз! Əр сөзіңізге, əрекетіңізге абай болыңыз!

Егер ата-аналар балаларын адалдыққа үйретеміз десе:

Айтқан сөзінде тұру керек. Қандай да бір жағдайда уəдеңізді орындай алмасаңыз, балаңызға не себепті орындай алмағаныңызды түсіндіріп, кешірім сұраңыз.

Егер балаңызға өзіңіз өтірік айтып қойған болсаңыз, мойындап, не себепті өтірік айтқаныңызды түсіндіріңіз.

Бала шындығын айтқанда қолпаштап отырыңыз, əсіресе айтуына қиын болған сəттерде.

Балаңызға көп талап қоймаңыз жəне одан қабілетінен тыс көп нəрселерді күтпеңіз.

Есіңізде сақтаңыз: талап көп жəне қатаң болған сайын, бала жазаланудан қашу үшін өтірікті қорғану əдісі ретінде көп қолданады.

Өтірік айтса да, балаңызды жақсы көретініңізді, оның жаман бала еместігін үнемі жиі айтып отырыңыз.

Егер балаңыздың сізге өтірік айтқанын біліп қойсаңыз, бірден айқай-шу шығарып, ұрыспаңыз. Бірден айғайға бассаңыз, онда ол сіздің қаһарыңыздан өзін қорғау үшін одан əрі өтірік айтуын жалғастыра береді. Өтірік айтқанын біліп тұрсаңыз, сенген кейіп танытпаңыз, керісінше, балаңыздың ойдан шығарып жатқанын сол мезетте айтыңыз.

Егер сіз балаңыздың өзінің игілігі үшін (пайдакүнемдік мақсатпен) өтірікті қолдана бастағанын байқасаңыз, ойлануыңыз қажет, яғни бұл балаңызбен арадағы қатынаста бір олқылықтар бар екендігін көрсетеді. Жағдайды талдаңыз, өтіріктің туу себебін анықтауға тырысыңыз. Бекерден-бекерге бала сізге өтірік айтпайды, мұндай əрекетке баруға оны жан-жағында болып жатқан жағдай итермелейді. Ата- анасы балаға түсіністікпен қараса, бұл оң нəтиже берері сөзсіз.

Гүлзат АБДРАХМАНОВА,

Хиуаз Доспанова атындағы №14 орта мектебінің педагог-психологі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button