Спорт

Өкінішті жеңіліс

Әлем чемпионаты

Португалия-Қазақстан — 2:2 (п. 4:3)

Әрине, жеңіліс өкінішсіз болмайтыны белгілі. Дегенмен шағын футболдан Әлем чемпионатының ақырғы кезеңіндегі жартылай финалда Қазақстан құрамасының соңғы минуттарға дейін үміт отын үрлеп келіп, кенет жеңіліске ұшырауы жанкүйерлердің ішін удай ашытты.

Жерлестеріміз жартылай финалда Португалия құрамасымен кездескен болатын.

Обалына не керек, ойын басталар-басталмастан, 3-минутта Біржан Оразов қарсыластар қақпасын дәл нысанаға алды, жібек тор бүлк ете түсті. Дегенмен қуанышты сәт ұзаққа созылмады. Шабуылдау кезінде доптың алаңның сыртына шығып кеткенін VAR анық көрсетіп берді. Осылайша Біржан соққан гол есептелген жоқ.

Қарсыластар қаншама шабуылдар ұйымдастырғанымен бірінші тайм нәтижесіз аяқталды. Әйтсе де қазақстандықтар қақпаға тікелей бағыттаған бір доп маңдайшаға тиіп, бір доп оң діңгекті дір еткізіп, кері серпілгенін айта кеткен жөн.

Ал екінші тайм әуелі португалдықтарға басымдық әперді.

23-минутта Пани нысананы дәл көздеді — 1:0.

Бұған тіпті де мойымаған жерлестеріміз шабуылдаудан танбады. Мысалы, қақпашымыз Игитаның соққысы діңгекке тиіп кері серпілді. Ал ойынның соңғы 40-минутында, тіпті соңғы секундында Дәурен Нұрғожин жасаған соққы голға айналды — 1:1.

Осыдан соң кездесу әрқайсысы бес минуттан тұратын екі экстра-таймға жалғасты. Бұл жолы әуелі Қазақстан алға шықты.

42-минутта айып добын тамаша орындаған Дуглас португалиялық қақпашыны қапы қалдырды — 1:2.

Әттең, ойынның аяқталуына екі минут қалғанда Бруну Коэлью біздің қақпамызға дәл соққы жасады — 2:2.

Бұдан кейін пенальтилер сериясына кезек берілді. Бұл тұста біздің футболшыларымыз Дуглас пен Арнольд Кнауб португалдық қақпашыдан айла асыра алмады да, біздің құрама 3:4 есебімен жеңілуге мәжбүр болды.

Португалия-Қазақстан — 2:2 (пенальтилер сериясы бойынша 4:3).

Гол авторлары: Пани Варела, 23-минут (1:0); Дәурен Нұрғожин, 40-минут (1:1); Дуглас, 41-минут (1:2); Бруно Коэльо, 48-минут (2:2).

Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Игита (қақпашы, капитан), Дуглас, Тайнан, Дәурен Нұрғожин, Альберт Ақбалықов, Рауан Атантаев, Нұрбек Қарағұлов, Жомарт Тоқаев, Азат Валиуллин, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Шыңғыс Есенаманов, Болат Сарбасов, Арнольд Кнауб.

Бас бапкер — Рикарду Кака.

30 қыркүйек 2021 жыл. Каунас қаласы, Литва.

Қысқаша анықтама:

Шағын футболдан Әлем чемпионатына осымен алтыншы рет қатысып отырған Қазақстан құрамасы бұған дейін 3 рет іріктеу жарыстарынан аса алмаса, 1 рет топтық бірінші кезеңде, 1 рет 1/8 финалда ғана ойнаған.

Биыл қазақстандықтардың төрт мықтының біреуі болып Аргентина, Бразилия, Португалия құрамаларымен бірге жартылай финалға шығуы — тарихи оқиға, зор жетістік.

Қазақстанның биылғы финалдық кезеңдегі кездесулері төмендегідей.

Топтық кезеңде жерлестеріміз 12 қыркүйекте Коста-Риканы 6:1, 15 қыркүйекте Литваны 3:0 есебімен жеңіп, 18 қыркүйекте Венесуэламен тең ойнады (1:1).

Ал 1/8 финалда 23 қыркүйекте Таиланд құрамасын ойсырата жеңіп (7:0), ширек финалда Ираннан басым түсті (3:2). Осылайша жартылай финалға жолдама алған болатынбыз.

Енді Қазақстан құрамасы бұдан бұрын Аргентинадан жеңілген Бразилия құрамасымен үшінші орын үшін сайысады. Кездесу 3 қазанда өтеді. Сол күні чемпиондық тәжді Аргентина мен Португалия сарапқа салады.

Конференция лигасы

 ҮЙРЕНШІКТІ ҰТЫЛЫС

 Ылғи қымбат футболшыларды жинап алған «Қайратты» жаңадан келген танымал бапкер Құрбан Бердиев те жөнге сала алатын емес. Өздерін «халықтық команда» дейтін бұл клубыңыз биыл да өзіміздің Премьер-Лигада чемпиондық тәжге қол жеткізе алмайтын секілді.

Ал Еуропа алаңдарында бұл команданың тұсаулы аттай кібіртіктей беретіні үйреншікті жағдай. Бұл жолы да солай болды.

Конференция лигасының топтық кезеңіне іліккен «Қайрат» бейсенбі күні сырт алаңда Швейцарияның «Базель» командасымен кездескен болатын.

Бірінші таймда-ақ Стас Покатиловтың қақпасына үш гол енді, ал екінші таймның басында бұған және бір гол қосылды.

Бұдан соң «Қайрат» екі қарымта гол соқты, оның біреуі пенальтидің арқасында келді.

«Базель» (Швейцария)-«Қайрат» (Қазақстан) — 4:2.

Гол авторлары: Артур Кабрал, 15-минут (1:0); Михаэль Ланг, 21-минут (2:0); Михаэль Ланг, 39-минут (3:0); Дэн Ндой, 49-минут (4:0); Хосе Канте, 65-минут (4:1); Рикарду Алвеш, 69-минут, пенальти (4:2).

«Қайрат» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы, капитан), Камо Оганесян, Нұралы Әліп, Раде Дугалич, Маки Баньяк, Дино Миканович (Ян Вороговский, 66-минут), Денис Поляков, Рикарду Алвеш, Небойша Косович (Артур Шушеначев, 86-минут), Вагнер Лав (Гүлжігіт Алықұлов, 66-минут), Хосе Канте.

Бас бапкер — Құрбан Бердиев.

30 қыркүйек 2021 жыл. Швейцария, Базель қаласы, «Санкт-Якоб Парк» стадионы.

Бұған дейін жерлестеріміз өз алаңында бір кездесу өткізіп, кипрлік «Омония» командасымен тең ойнаған болатын (0:0). Ал 21 қазанда «Қайрат» тағы да сырт алаңда Әзірбайжанның «Қарабақ» командасымен күш сынасады. «Қарабақ» бұл турда «Қайрат» жеңе алмаған «Омонияны» 4:1 есебімен ұтқанын еске сала кетейік.

Екі турдан соң «Н» тобындағы «Базель» мен «Қарабақтың»  қоржынында  4 ұпайдан, ал «Омония» мен «Қайратта» 1 ұпайдан ғана бар.

Е.АҚАТҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button